Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Темірқазық» атты мерейтойлық концерт өтеді

«Темірқазық» атты мерейтойлық концерт өтеді

Ұлт қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығының жабылу салтанаты туған жері қасиетті Сыр елінде Қазақ ұлттық өнер академиясының «Темірқазық» атты мерейтойлық концертімен қорытындыланады. Бұл туралы Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова хабарлады.

– Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы биылғы жылды «Темірбек Жүргенов жылы» деп жариялады. Осы орайда, есімі елге ғана емес, Орта Азия халықтарына ортақ бірегей тұлғаны ұлықтау мақсатында халықаралық, республикалық деңгейдегі әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Ауқымды шаралар легі Қазақ ұлттық өнер академиясының «Темірқазық» атты мерейтойлық концертімен қорытындыланбақ. Аталмыш концертке өнер академиясының 68 өнерпазы қатысады. Барша Сыр халқын мерейтойлық концерттің куәгері болуға шақырамыз!, - деді басқарма басшысы Мира Жомартқызы.

Қоғам қайраткері, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсат Темірбек Жүргеновтың елге еткен еңбегін айтып, ұлт қайраткерінің артында қалған мәңгі мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау керектігін тілге тиек етті.

– Темірбек Жүргенов ұлт үшін аянбай еңбек еткен ұлы тұлға. Есімі әлемге әйгілі болған Темірбек Жүргеновтың ең ерекше қасиеті – Алаш арыстары армандаған қазақ болмысын нақты жасампаздықпен жүзеге асырған бірегей тұлға. Осы қасиетімен өмірінің соңына дейін елге қызмет етті, артына өшпестей мұра қалдырды. Ұлы тұлғанын есімін ұлықтау біздің және жас ұрпақтың басты парызы, - деді Сәби Әбдіқадырұлы.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының міндетін атқарушы Шыңғыс Ергөбек мерейтойлық концерттің өту барысын баяндап, мемлекет және қоғам қайраткерінің 125 жылдығымен құттықтады.

– Ұлт қайраткерінің қаны тамған қасиетте өлкеге келгенімізге қуаныштымыз! Т.Жүргеновтың 125 жылдығына арналған «Темірқазық» атты мерейтойлық концертті ұйымдастыру біздің анер академиясы үшін үлкен мәртебе. Барша Сыр халқын аталмыш концертке келуге шақырамыз!, - деді Шыңғыс Ергөбек.

Айта кетейік, Темірқазық атты мерейтойлық концерт ертең сағат 15.00-де Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында өтеді.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
08 қараша 2023 ж. 91 0