Білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды
"Егемен Қазақстан", "Казахстанская правда" газеттерінің сайтында мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды.
Білім гранттарын тағайындау процесі ақпараттық жүйенің көмегімен іске асырылды. Республикалық байқау комиссиясының құрамына мемлекеттік органдардың, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының, жоғары оқу орындары қауымдастығының, ректорлар кеңесінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, “Жас Отан” жастар қанатының, Студенттер альянсының, үкіметтік емес ұйымдардың, ADAL BILIM жоба кеңсесінің өкілдері кірді.
2019-2020 оқу жылына білім беру гранттары білім беру бағдарламалары тобы бойынша тағайындалды. ЖОО-ға қабылдау кезінде талапкер нақты білім беру бағдарламасын таңдайды.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бұл оқу жылына 53 785 грант бөлінді. Мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 47%-тен астамы инженерия, өңдеу және құрылыс, IT салаларына, 8 276 грант педагогика ғылымдарына, 4 088 грант жаратылыстану ғылымдарына, математика мен статистикаға, 2 200 грант қызмет көрсету мамандықтарына, 1 615 грант өнер және гуманитария ғылымдарына, 2 435 грант ауыл шаруашылығы ғылымдары мен ветеринарияға, 2 183 грант әлеуметтік ғылымдарға, бизнес пен экономика салаларына бөлініп отыр.
Колледж бітіргендер үшін олардың бейіні бойынша 3 040 грант бөлінді. Жекелеген категориялар үшін квоталар қарастырылған (жетім балалар, мүгедектер, ауыл жастары, қазақ диаспорасы және тағы басқа).
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 64 452 адам қатысты, оның ішінде 52 337 адам қазақ бөліміне, 11 757 адам орыс бөліміне, 87 адам ағылшын бөліміне құжат тапсырған.
Конкурсқа қатысушылардың ішінде “Алтын белгі” төсбелгісін алған 5 824 талапкер, халықаралық және республикалық пән олимпиадаларының 224 жеңімпазы, жалпы білім беру пәндерінен халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың 128 жеңімпазы, республикалық және халықаралық спорт жарыстарының 336 жеңімпазы болды. Оларға ҰБТ балы тең болған жағдайда ғана артық құқық беріледі.
Қабылданған өтініш нәтижесі бойынша конкурстың көп бөлігі медицина, журналистика, құқық, дизайн, педагогика және психология бағыттарына қатысты болды. Техника бойынша білім беру бағдарламалары тобы арасында IT, коммуникация технологиялары, биология және аралас ғылымдарға сұраныс көп.
Білім беру гранттарын тағайындау нәтижесі бойынша көпбалалы отбасылардан шыққан талапкерлер мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін қосымша 5 мың грант негізгі конкурстан кейін беріледі. Ол үшін жергілікті атқарушы органдарға өтінішті 5-10 тамыз аралығында беруге болады. Білім гранттары 25 тамызға дейін тағайындалады.
baribar.kz