ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТТАДЫ

Мұның алдында екі аралыққа қатынайтын такси жолақысы 400 теңге болатын. Бұл – күндізгі баға. Ал кенттен қалаға немесе кері бағытта кешкі 18.00-ден кейін таксиге мінсеңіз, 500 теңге төлейсіз. Яғни, белгіленген уақытқа үлгермей қалсаңыз, қосымша 100 теңге қосасыз деген сөз. «Қараңғы түскен соң өздері үшін төлейді» деген түсінік. Жету керек болған соң, амал жоқ, үстемақы қосылады.
Қазір күндізгі баға кешкі бағамен бірдей болды. Кешегідей күн ыстықта баға 100 теңгеге қымбаттап, такси 500 теңгені құрады. Мұның себебін сұрасаң таксишілер автокөлік бөлшектерінің қымбаттағанын алға тартады. Екі аралықтағы жол көліктің тез бұзылуына себепші дейді. Соның салдарынан жолақыны көтеруге мәжбүр болған.
Бұған тұрғындар наразы пікір білдіруде. Өйткені жолақыны қымбаттатқанмен жолаушыға жағдай жасалып жатқан жоқ. Яғни, қазіргідей шіліңгір шілденің ыстығында көліктерде салқындатқыш орнатылмаған. Одан бөлек екі аралықта қатынайтын автокөліктердің кейбірінің тозығы жеткен. Салық басқармасына тіркелмей, жолаушы тасымалдап жүргендері де жетерлік. Оның үстіне жолда жүйткіп, жылдамдық арттыратыны тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, баға жоғарылағанмен, тасымал қызметі сол баяғы қалпында қалған.
Тұрғындар жолаушыға жағдай жасалса, әркім өзі үшін осы бағаға келісетінін айтады. Қалтадан шыққан ақша болған соң жұртшылық талап та қоятыны анық. Ал ол талап орындалмаса, жолақыны негізсіз қымбаттата берудің жөні жоқ.
Е.БЕРКІНБАЕВ