Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Демалыс күндері жаңбырлы әрі дауылды болады

Демалыс күндері жаңбырлы әрі дауылды болады

"Қазгидромет" кәсіпорнының мамандары 8-10 маусым күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады.

Синоптиктердің мәліметінше, бұған дейін Қазақстанның көп облысында жаңбырға терең және өте белсенді циклон мен сонымен байланысты атмосфералық фронттар себеп болды. Республиканың шығысы мен оңтүстік-шығысының кей жерлерінде толассыз нөсер жауды. Енді алдағы үш тәулікте циклон мен оның фронттары шығысқа жылжып, тағы да найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады, шығыс пен оңтүстік-шығыстың кей жерлерінде нөсер жауып, ауа температурасы төмендейді.

Тек солтүстік-батыста антициклонның таралуына байланысты батыста 9-10 маусым күндері жауын-шашын болмайды, күндіз 28-33 градусқа дейін, кей жерлерде 35-38 градусқа дейін ысиды, – деп хабарлады “Қазгидромет” мамандары.

8 маусым – сенбі күні еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр, кей жерлерде нөсер жауады, батыс пен оңтүстік-батыста ғана күн ашық болады. Республиканың кей жерлерінде найзағай ойнап, жел күшейеді, дауыл тұрып, шаң борайды, бұршақ жаууы мүмкін, солтүстіктің кей жерлерінде тұман түседі.

Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында тұман түсіп, дауыл тұрады, бұршақ жаууы мүмкін, 23 м/с жел соғады. Павлодар облысында 23-28 м/с жел соғып, дауыл тұрады, бұршақ жаууы мүмкін. Қарағанды облысында тұман түседі, 15-20 м/с жел соғады, дауыл тұрады, бұршақ жаууы мүмкін. Ақмола облысында 23 м/с жел соғады, дауыл тұрады, бұршақ жауады, Нұр-Сұлтанда да дауыл тұрып, бұршақ жауады.

Алматы облысында 19-24 м/с жел соғады, бұршақ жаууы мүмкін. Жамбыл, Түркістан облыстарында 15-20 м/с жел соғып, дауыл тұрады, бұршақжаууы мүмкін. Қызылорда облысында 15-20 м/с жел соғып, дауыл тұрады. Батыс Қазақстан облысында да 15-20 м/с жел соғады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстарында дала өрті қаупі күшейеді. Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарында және Алматыда жаңбырдың салдарынан тасқынболып, өзендердің деңгейі көтерілуі мүмкін.

baribar.kz
08 маусым 2019 ж. 728 0