Ресейдің «Мульт» телеарнасы қазақ тілінде сөйлейді
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ресейлік «Мульт» телеарнасын қазақ тіліне көшіру туралы айтты.
«Қазақстанда ресейлік «Мульт» телеарнасы жоғары рейтинг көрсетіп отыр. Осыған баланысты біз аталған арнаны қазақ тілінде таратуға келістік. Бас кезінде жекелеген мультфильмдер аударылады. Артынан біртіндеп қазақ тілінде xабар таратуды ұлғайту жоспарланған», - деді Д.Абаев министрліктің алқа мәжілісінде.
Оның айтуынша, биыл медиа өлшем жасайтын жүйе іске қосылады. Соның негізінде телеарналар мен ақпараттық өнімдердің рейтингі жасалады. «Меніңше, осы жүйе арқылы болашағы бар жобаларды қаржыландыруға болады. Мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстың тиімділігі де артады», - деп атап көрсетті Д.Абаев.
Айта кетейік, отырыста Дәурен Абаев цифрлық телеxабарларға қосылатын облыстарды атады. Былтыр елімізде аналогтық теле-радио xабарларды таратуды кезең-кезеңімен тоқтату жұмыстары басталғаү болатын. Бүгінде төрт аймақ - Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы толығымен цифрлық теледидарға көшті. «Осылайша, ауылдағы ағайын 15 отандық телеарнаны, ал облыс орталығының тұрғындары 30 арнаны жоғары сапада тамашалап отыр.
Биыл біз Алматы, Павлодар мен Қостанай аймақтарын цифрлық xабар таратуға ауыстыруды көздеп отырмыз. Осы бағыттағы жұмыстар 2022 жылы толық аяқталады деген жоспарымыз бар», - деді Д.Абаев министрліктің алқа мәжілісінде. Спутниктік қабылдағыштар ауыл тұрғындарына тегін беріледі. Ал Қазақстанның телеxабарлары Ресейге тарала бастады.
24.kz