ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТІҢ ЖАҢА МОДЕЛІ ҚҰРЫЛАДЫ - ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА
Қазақстанда жемқорлықтың салдарымен емес, себептерімен күресетін жаңа модель құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Астанада Азия және Тынық мұхит аймағының елдері үшін коррупцияға қарсы бастамалардың қоғамдық парасаттылық желісінің мемлекеттік сатып алулар саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған кезекті отырысында айтты.
«2001 жылы құрылған бұл бастама Азия-Тынық мұхиты елдері үшін тиімді пікір алмасу алаңына айналды. Қазақстан бастамаға 2002 жылы қосылды және бүгінге дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы маңызды шаралар қабылданды. Осыған байланысты қоғамдық адалдық кеңесін Астанада өткізу ұсынылды. Мұндай ауқымды іс-шара Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылды. Оған 20-дан астам елдің өкілдері қатысып отыр», - деп атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.
Г. Әбідқалықова сыбайлас жемқорлыққа қарсы елімізде жүргізіп жатқан ауқымды әлеуметтік және экономикалық реформаларға тоқталды.
«Ұлт жоспары аясында 2019-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда жемқорлықпен күресудің жаңа моделін құрып жатырмыз. Онда жемқорлықтың салдарымен емес, себептерімен күресу негізге алынады және азаматтың қызметіне қарамастан жазалау ұстанымы жүзеге асырылады», - деді ол.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, Қазақстанда барлық мемлекеттік сатып алулар электронды форматқа көшірілген. Бизнес процестері ашық және бақылауда болуы үшін толық автоматтандырылған. Бұл жүйе ТМД елдері арасында ең үздік болып саналады.
«Шенеуніктермен кездесуді азайту үшін мемлекеттік қызмет түрлері электронды форматқа ауыстырылып жатыр. Бүгінде мемлекеттік қызметтің 78%-і электронды түрде көрсетіледі және бұл тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты 2/3 азайтты. Алдағы жылдары Қазақстанда мемлекеттік қызмет түрлерінің 90% электронды форматқа ауыстырылады. Қалған 10% қызмет түрі - бір терезе қағидаты бойынша жүзеге асыралады», - деді Г. Әбдіқалықова.
Пікір 2