Енді ауруханаға түскен азаматтардың жақындарына SMS арқылы хабар беріледі
Қазақстанда азамат шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған жағдайда оның жақындарына автоматты түрде SMS арқылы хабар беретін жаңа сервис іске қосылды. Қызметті eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы пайдалануға болады, деп хабарлайды Egemen.kz.Ол үшін азамат eGov жүйесінде «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметі арқылы үш адамды тіркей алады. Таңдалған тұлға 18 жастан асқан және Мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуы қажет.
Жоба Денсаулық сақтау министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды.
Қызметті eGov.kz порталы арқылы:
- порталға авторизациядан өту;
- «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметін таңдау;
- сенім білдірілген адамның ЖСН-ын енгізу.
eGov Mobile арқылы:
- «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне өту;
- «Денсаулық сақтау» санатын таңдау;
- «Сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметін ашу арқылы іске қосуға болады.
Дербес деректерді өңдеуге келісім берілгеннен кейін көрсетілген адамға SMS хабарлама жіберіледі. Тіркеуді растау үшін 911 кодын, ал бас тарту үшін 912 кодын жауап ретінде жолдау қажет. Шешім қабылдауға 5 сағатқа дейін уақыт беріледі.
Тіркеу расталған соң ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Өтінішті өңдеу мерзімі 10 минутқа дейін созылады. Қызметтің мәртебесін eGov.kz порталындағы «Жеке кабинеттен», ал eGov Mobile қосымшасында «Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы» бөлімінен тексеруге болады.
Фото: Нұрболат Нұржаубай










