Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алдағы үш жылдықта жүзеге асырылатын маңызды жобалар талқыланды

Алдағы үш жылдықта жүзеге асырылатын маңызды жобалар талқыланды

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, 2027-2029 жылдары аудандарда жоспарланған инфрақұрылымдық жобалар талқыланды.

Аймақ басшысы жобалардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тиімділігіне, өзектілігіне ерекше мән беруді атап өтті.

«Бюджет кодексіне сәйкес, алдағы үш жылдық кезеңде республикалық бюджет есебінен маңызды нысандар салу, стратегиялық мәні бар жобаларды қаржыландыру көзделген. Жергілікті бюджеттен де өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыруымыз қажет.
Бұған дейін қала және аудан әкімдеріне, сондай-ақ тиісті басқарма басшыларына республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатынмын. Бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде бір-бірін қайталайтын және тиімділігі төмен жобаларға жол берілмеуі тиіс. Қаржының нақты нәтижеге бағытталғаны маңызды.
Барлық әкімдер мен басқарма басшыларына айтарым, жергілікті бюджет қаржысы жетпейді деп отыруға болмайды. Республикалық бюджет есебінен қаржыландыру талаптарына сәйкес келетін жобаларды тиісті министрліктермен қазірден бастап пысықтаңыздар. Олар халықтың жайлы тұрмысына, өмір сүру сапасын арттыруға және өңір экономикасының дамуына бағытталуы тиіс», – деді аймақ басшысы.

Жиында қала және аудан әкімдері алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жобалар туралы баяндама жасады.

2027-2028 жылдары бюджет қаражаты есебінен денсаулық сақтау, білім беру, су, энергетика, газ және жылумен жабдықтау, спорт, көлік және туризм инфрақұрылымын дамыту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ ұлттық жобаларды іске асыру көзделген.

Мұрат Нәлқожаұлы қала және аудан әкімдеріне жобалардың тиімділігі мен әлеуметтік маңызына баса мән беруді, бюджеттік өтінімдерді сапалы әзірлеуді және тиісті мемлекеттік органдармен жұмысты күшейтуді тапсырды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

30 тамыз 2026 ж. 46 0