Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас дзюдошылар әлемдік татамиде тарихи жетістікке жетті

Жас дзюдошылар әлемдік татамиде тарихи жетістікке жетті

Жас спортшылардың әлемдік додадағы тарихи жеңісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалған жоқ. Президент Қазақстан құрамасын аралас командалық жарыстағы айтулы жеңісімен құттықтап, әлем чемпионатында жекелей сында алтын медаль жеңіп алған Ғабит Расулханға, Фатима Сұпығалиеваға және Әділжан Жаудиновке жылы лебізін білдірді. Мемлекет басшысы жас чемпиондардың алдағы спорттық жолы жарқын болып, бұдан кейін де жаңа биіктерді бағындыра беруіне тілектестік танытты.

Қазақстандық жас дзюдошылардың тарихи жеңісі халықаралық спорт қауымдастығының да назарын аударды. Әлем чемпионаты аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен сөйлесті. Халықаралық ұйымның басшысы Мемлекет басшысын қазақстандық балуандардың әлемдік жастар турниріндегі бұрын-соңды болмаған бірегей жетістігімен құттықтады.

Өз кезегінде ел Президенті Қазақстанның Туризм және спорт министрлігімен, сондай-ақ ұлттық дзюдо федерациясымен сындарлы ынтымақтастық орнатқаны үшін халықаралық ұйым басшысына ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы ынтымақтастықтың нәтижесінде елімізде дзюдо күресінің кеңінен дамып келе жатқанына тоқталды.

Бұл жолғы әлем чемпионаты Қазақстан дзюдосының болашағы зор екенін айқын көрсетті. Әлемнің мықты жас татами шеберлері жиналған дүбірлі додада ұлттық құраманың спортшылары тек жекелей белдесулерде ғана емес, командалық жарыста да жоғары шеберлік, табандылық және ұйымшылдық танытты. Әсіресе, аралас командалық жарыстағы жеңістің маңызы зор. Себебі мұндай бәсекеде әрбір белдесудің нәтижесі тұтас команданың тағдырына әсер етеді. Спортшылардың бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмыла білуі Қазақстан құрамасын тарихи жеңіске бастады.

Жоғары нәтиже жас балуандардың халықаралық деңгейдегі шеберлігінің артқанын аңғартады. Әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілу үшін тек техникалық шеберлік жеткіліксіз. Мұнда физикалық дайындық, психологиялық тұрақтылық, тактикалық сауаттылық және ең бастысы, жеңіске деген үлкен жігер қажет. Қазақстандық спортшылар осы қасиеттердің барлығын әлемдік татамиде көрсете білді.

Жекелей сындарда алтын медаль жеңіп алған спортшылардың жетістігі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Ғабит Расулхан, Фатима Сұпығалиева және Әділжан Жаудинов әлемдік додада қарсыластарына дес бермей, Қазақстан қоржынына алтын жүлде салды. Әсіресе Фатима Сұпығалиеваның жеңісі отандық дзюдо тарихында ерекше орын алады. Ол жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы ретінде тарихқа енді.

Әлем чемпионатындағы жалпы командалық көрсеткіш те Қазақстан құрамасының жоғары деңгейін аңғартты. Ұлдар құрамасы командалық есепте бірінші орынға ие болса, қыздар құрамасы екінші орыннан көрінді.

Расымен де, соңғы жылдары Қазақстанда дзюдоны дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, әлем чемпионатындағы жоғары нәтиже спортшыларды даярлаудың жаңартылған жүйесі аясында атқарылған жұмыстың жемісі. Париж Олимпиадасынан кейін жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамаларды даярлаудың бірыңғай әдістемесін қалыптастыруға басымдық берілген.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
25 тамыз 2026 ж. 36 0