Оңай олжаға алданбаңыз!
«Алтынға инвестиция саласың» деп адамдарды тартқан қаржы пирамидалардың саны азаймай тұр. Қарапайым халықтың сеніміне кіріп, жалған құжаттарды алға тартып, өздеріне мүлтіксіз сендіреді. «Салған ақшаңның 20-40 пайызын ай сайын алып отырасың, арасында сыйақы бар» деген желеумен адамды қызықтырады. Оның арты неге ұласатынын аңғармай, сенім артқан адам барын салып, бір-екі «дәмін» көргеннен кейін туыстарын тарта бастайды. Аталған дерек бойынша өткен жылы пирамидаларға 86 мыңнан астам адам тартылған. 12,5 млрд теңге залал келтірілген. Сондай-ақ 43 заңсыз чат табылып, жабылған. 7 мыңнан астам интернет-cайт бұғатталған. Бұл тек былтырғы жылдың есебі бойынша. Оңай ақшаға алданғандар қатары өте көп. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, соңғы 4 жылда қаржы пирамидаларына 80 мыңға жуық адам алданып, 36 млрд 248 млн теңгесін жоғалтқан. Оларға кеңінен тоқталып өтсек.
«Алтынға инвестиция боласың» деп халықты тартқан қаржы пирамидасының бірі – «Nazira Gold». Шымкентте адамдарға алтын сатып, зергерлік бұйыммен айналысатын компания ретінде таныстырылған. Қарапайым халықтың «алтынға ақша сала отырып, үстемақысын алып отырасың, ол үстемақы ай сайын көбейіп отырады. Егер артыңнан адам кіргізсең, пайызын алып отырасың, түрлі сыйақылар болады» деген жалған сөзбен сеніміне кірген. Оңай табысқа алданған қарапайым халық баста бірнеше рет табыс алғаннан кейін туыстарын да қомақты қаражатты құйып, оңай табыс табуға көндіреді. Осылай, осылай бірінен соң бірі таныстарына айтып, пирамиданың құрбаны болғандарын сезбей қалады. Артық ақша кімге керек емес?! Жұмыс істемей, маңдай теріңді төкпей келген оңай ақша қарапайым халық үшін алтынмен пара-пар. Солай бәрі жақсы болып келе жатқанда, ай сайынғы берілетін үстемақы төленбейді. «Келесі ай қосып береміз, адам тарта беріңдер» деген өтірік желеумен тағы да қармағын майландырады. Оған сенген көпшілік бірнеше ай күткенін байқамай қалады. Сұрақтың астына алса, басшылары түрлі сылтау айтып, тіпті сендіру мақсатында жалған суреттер де жібереді. Ол пирамида ұсталып, мүлкі тәркіленсе де кірген адамдар «ақшамды қайтаратын шығар» деген үмітпен әлі сеніп жүреді. Осындай дәрежеде өзге, танымайтын адамға сенім артуға бола ма? Дәл осы қаржы пирамидасынан 4 мыңға жуық адам алданған. Салымшылардың ақшасы алтын сатып алуға емес, ұйымдастырушылардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Құқық қорғау органдары 402 млн теңге, 52 автокөлік, пәтерлер тәркіленген. Пирамиданы ұйымдастырушылар 5 жылдан 10 жылға дейін сотталды. Осыған ұқсас жағдайлар саны өте көп.
Ал Сыр елі бойынша соңғы 3 жылда 14 қаржы пирамидасы жойылған. Оларға 654 салымшы алданған. Залал келтірілген шығын 376 млн теңге. Қылмыстық жауапкершілікке 11 ұйымдастырушы тартылып, 141 млн теңге шығын өтелген. Оңай олжада береке жоқ екендігін халық қашан ұғынар екен... Адал, маңдай теріңмен тапқан әр тиын берекелі. Тіпті жерде жатқан ақшаны алуға болмайтынын білесіз бе? Кез келген тиынның есебін арғы дүниеде береміз. Сондықтан тапқан әр тиын мен жұтқан әр тамшымыз адалынан болуы шарт.
Г.ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ











