Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қазақстан халқына» қоры 350 білім грантын бөлді: кімдер үміткер бола алады?

«Қазақстан халқына» қоры 350 білім грантын бөлді: кімдер үміткер бола алады?

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2026-2027 оқу жылына талапкерлердің жоғары оқу орындарында білім алуына 350 білім беру грантын бөлді, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Грантқа ауылдық елді мекендердегі, шағын және моноқалалардағы мектептердің 25 жасқа дейінгі түлектері үміткер бола алады.

Бағдарлама жетім балалар мен кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтарға, мүгедектігі бар тұлғаларға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары мен ата-анасының мүгедектігі бар талапкерлерге арналған.
– Білім беру грантының иегерлеріне оқу ақысы жылына 1 миллион теңгеге дейін төленеді. Сонымен қатар оқу кезеңінде ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалады. Шәкіртақы жыл сайын жазғы демалыс кезеңін қоспағанда 10 ай бойы төленеді, – делінген хабарламада.

Грантқа үміткерлердің тізімін бағдарламаға қатысатын жоғары оқу орны немесе оның филиалы қалыптастырады. Іріктеуге ҰБТ тапсырып, оқуға түсу үшін белгіленген ең төменгі өту балын жинаған талапкерлер қатыса алады. Шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша шығармашылық емтихан нәтижелері де есепке алынады.

Үміткерлер тізімі жоғары оқу орнының конкурстық комиссиясы отырысының хаттамасымен рәсімделеді.

Бағдарламаға қатысатын жоғары оқу орындарының тізімі, әр ЖОО-ға бөлінген грант саны және оларды беру тәртібі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми сайтында жарияланған.

Айта кетейік, әкімдік гранттарына құжат қабылдау басталды.

Фото: «Қазақстан халқына» қоры
09 тамыз 2026 ж. 49 0