Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
8 шілде күні Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. «Қазгидромет» мәліметінше, елдің көптеген аймағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде нөсер жауын, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.Сонымен қатар бірнеше өңірде аптап ыстық сақталып, ауа температурасы +35...+41 градусқа дейін көтерілсе, Қызылорда облысының оңтүстігінде алдағы күндері +45 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу, Маңғыстау облыстарында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауылды жел болжанып отыр. Желдің екпіні кей өңірлерде секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Синоптиктер тұрғындарға қолайсыз ауа райы кезінде сақтық шараларын сақтап, аптап ыстықта ұзақ уақыт күн астында жүрмеуге, ал найзағай мен дауыл кезінде алыс жолға шықпауға кеңес береді.
Фото: Depositphotos.com










