Берекелі іс – Бесарықта
Жақында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында аймақ басшысы Бесарық ауылында болып, бірнеше әлеуметтік және кәсіпкерлік нысанды аралап, жергілікті халықпен кездесті. Мұнда аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Абайұлы облыс әкіміне ауылда жасалып жатқан бірқатар жұмысты таныстырды.Ең алдымен, аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы Бесарық ауылындағы №12 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен танысты. Спорт кешенінде дзюдо, бокс және таэквондо үйірмесі жұмыс істейді. Қазір мұнда 180 адам спортпен тұрақты шұғылданады. Мекемеде 18 қызметкер еңбек етеді.
Одан кейін аймақ басшысы ауылдың орталық алаңында тұрғындармен кездесіп, шағын өндірістік орталық пен ауылдық мәдениет үйінің жұмысын көрді. Жұртшылықтың ұсыныс-пікірін тыңдап, Бесарық ауылын одан әрі дамытуда атқарылатын жұмыс пен алдағы жоспарға тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Бесарық ауылында сәтімен жүзеге асуда. Мұнда «Абай-Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен фри картобын өндіретін зауыт жұмыс істейді. Наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнімдер цехтары, жұмыс қолғаптарын, пластик ыдыстарды, сабын мен ағаш бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылған. «Қызылорда» супермаркеті мен дәмхана тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Еске салсақ, 2024 жылы ауылда жалпы аумағы 1 мың шаршы метр болатын шағын өндірістік орталық пайдалануға беріліп, 13 кәсіпкерге өз кәсібін бастауға мүмкіндік жасалды.Оның 4-еуі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы, 5 жоба «Өңірлік инвестициялық орталықтың» қолдауымен, ал 4 жоба шаруашылықтың өз қаражаты есебінен жүзеге асты. Нәтижесінде, 25 жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 960 млн теңге инвестиция тартылды. Бүгінде кәсіпкерлер шағын өндірістік орталықта өз өнімдерін шығаруда.
Айта кету керек, «Абай-Дәулет» серіктестігі 2018 жылдан бері ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Бұл қаржы 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге, абаттандыруға және көгалдандыру жұмыстарына жұмсалды.
«Тт» ақпарат











