Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні

7 мамыр - Отан қорғаушылар күні

7 мамыр - Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні. Бұл күн ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілерге құрмет көрсетілетін айрықша мереке. Мереке қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы Ербол Өткелбаев және 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Жандос Төлеген әскери қызметтің маңызы туралы ойларымен бөлісті.

Ербол Өткелбаев мерзімді әскери қызметтің маңыздылығына тоқталып, оның әрбір азамат үшін үлкен өмір мектебі екенін атап өтті.
– Мерзімді әскери қызмет әрбір азамат үшін жай ғана міндет емес, үлкен жауапкершілік пен өмірлік маңызды кезең. Әскер адамның мінезін қалыптастыратын, жігерін шыңдайтын, төзімділікке тәрбиелейтін ерекше орта. Көптеген жастар әскерден кейін өмірге деген көзқарасы өзгеріп, нақты мақсат қоя бастайды. Мен өз өмір жолымда осыны анық түсіндім. Еңбек жолымды қарапайым қызметтен бастап, біртіндеп тәжірибе жинақтадым. Әскери сала маған үлкен тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Әр кезеңде түрлі қиындықтар болды, бірақ сол қиындықтар мені шыңдап, бүгінгі деңгейге жеткізді. Егер адам өз ісіне адал болса, үздіксіз еңбек етсе, кез келген биікті бағындыруға болады. Бұл менің жеке тәжірибеммен дәлелденген шындық. Жастарға айтарым әскери қызметтен жалтармау керек. Әскерге барып, Отан алдындағы міндетті орындау - үлкен абырой. Әскерде алған тәжірибе сіздердің болашақтарыңызға оң әсер етеді. Сондықтан бұл кезеңді дұрыс пайдаланып, өздеріңізді дамытып, шыңдауға тырысыңыздар. Елге қызмет ету - ең жоғары мәртебе, ал сол жолдағы алғашқы қадамдардың бірі мерзімді әскери қызмет, – деді Ербол Серікұлы.

Сондай-ақ спикер келісімшарт бойынша әскери қызметтің мүмкіндіктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, мерзімді қызметтен кейін әскери салада қаламын деген жастар үшін барлық жағдай жасалған. Келісімшарт негізінде қызмет ететіндер тұрақты жалақыға, әлеуметтік кепілдіктерге, кәсіби өсуге мүмкіндік алады. Бұл өз болашағын әскери саламен байланыстыруды қалайтын жастар үшін үлкен мүмкіндік.

Өз кезегінде 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Жандос Төлеген әскери қызметке келу жолымен бөлісті. Ол бала күнгі арманының орындалып, бүгінде елге қызмет етіп жүргенін мақтанышпен жеткізді.

-Бала кезімнен әскери адам болуды армандадым. Әскери киім киіп, елге қызмет ету мен үшін әрқашан үлкен мақсат болды. Сол арман мені алға жетелеп, бүгінгі таңда Отан алдындағы борышымды абыроймен атқарып жүрген кәсіби әскери қызметші атануыма себеп болды.Мектеп қабырғасында жүрген кезімде-ақ тәртіпке, жауапкершілікке ерекше мән беретінмін. Әскерге шақырылған сәтте бұл мен үшін күтпеген жағдай емес, керісінше көптен күткен мүмкіндік болды. Мерзімді әскери қызмет барысында мен көптеген нәрсені үйрендім: шыдамдылықты, төзімділікті, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдауды, ұжыммен бірлесе жұмыс істеуді. Әскер мені нағыз өмірге дайындады десем артық айтқандық емес.Уақыт өте келе мен әскери саланы тек уақытша кезең ретінде емес, өмірлік жолым ретінде таңдадым. Сондықтан келісімшарт бойынша әскери қызметте қалу туралы шешім қабылдадым. Бұл - мен үшін өте маңызды әрі саналы таңдау болды. Қазіргі таңда мен өз ісімді жақсы көремін, күн сайын өзімді дамытып, кәсіби тұрғыда шыңдалып келемін. Келісімшарт бойынша қызметтің артықшылықтары да аз емес. Бұл жерде тұрақты жалақы, әлеуметтік кепілдіктер, кәсіби өсу мүмкіндігі бар. Ең бастысы - сен өз еліңнің қауіпсіздігі үшін нақты үлес қосып жүргеніңді сезінесің. Бұл сезім кез келген марапаттан да жоғары.Әрине, әскери қызмет оңай емес. Қиындықтар да, сынақтар да болады. Бірақ дәл сол қиындықтар адамды шыңдайды, жігерін арттырады. Мен осы жолды таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Керісінше, бала күнгі арманымның орындалғанына мақтанамын,- деді Жандос Абайұлы.

Спикерлер жастарды әскери қызметтен жалтармай, оны үлкен мүмкіндік ретінде қабылдауға шақырды. Олардың пікірінше, әскер тек міндет емес, ол өмірлік тәжірибе мен болашаққа берік негіз қалыптастыратын маңызды кезең.

08 мамыр 2026 ж. 44 0