Құрылыс алаңдарындағы және қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңадан салынатын кітапхана мен мәдениет нысандарының құрылыс алаңында болып, Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.Мемлекет басшысының тапсырмасымен заманауи, көпфункционалды кітапхана құрылысына инвестор есебінен 20 млрд теңге қарастырылған. Жоба кітапхана инфрақұрылымын дамытуға, оқырмандарға қолжетімділікті арттыруға және өңірдің ақпараттық-мәдени әлеуетін күшейтуге бағытталған. Ғимараттың жалпы аумағы 13 000 шаршы метр, кітап қоры 1 миллионнан асады. Жыл сайын 250–300 мың оқырманға қызмет көрсету көзделген.
Кітапханада ашық форматтағы оқу залдары, заманауи каталог жүйесі, 50 адамға арналған цифрлық ресурстармен жұмыс істеу бөлмесі ашылады. Сонымен қатар медиа-лаборатория мен подкаст студиясы жұмыс істейді.
Өңірде бой көтеретін жаңа театр мәдениет саласының дамуына тың серпін береді.
Жаңа ғимарат кең әрі заманауи талаптарға сай жабдықталады. Бұл әртістердің дайындығына, күрделі декорациялар мен тың режиссерлік шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Заманауи дыбыс және жарық жүйелері қойылымдардың мазмұны мен көркемдік деңгейін арттыра түседі.
Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарын Alem Qurylys AQ серіктестігі жүргізуде. Бастапқы жобаға түзетулер енгізіліп, 300 орындық балалар лагері мен қысқы бақ қосылды. Жаңғырту аясында аллеялар, субұрқақтар, амфитеатр, спорт және би алаңдары, балалар ойын алаңдары, workout және демалыс аймақтары салынады. Сондай-ақ фудкорт, теннис үстелдері, аттракциондар, велосипед және жүгіру жолақтары қарастырылған. Бұдан бөлек сахна, сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары бой көтереді.
Ботаникалық бақ аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2,41 гектар аумақ көгалдандырылып, Оңтүстік Африка, Оңтүстік және Орталық Америка, Қытай, Жапония, Мадагаскар елдерінде өсетін өсімдіктер отырғызылады.
Балалар лагерінің құрылысына 6,02 гектар жер бөлінген. Мұнда әкімшілік ғимарат, іс-шараларға арналған алаң, 4 тұрғын корпус, қонақүй үлгісіндегі шағын ғимарат, 5 киіз үй, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы, сахна және өзге де демалыс және техникалық нысандар салу жоспарланған.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










