Тоқаев әлемдегі ең үздік 50 педагогтің қатарына кірген алматылық мұғалімді құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі топ-50 үздік педагогтің қатарына кірген алматылық Татьяна Белоусованы құттықтады. Кaz.nur.kzАлматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова Global Teacher Prize халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі ең үздік 50 педагогтің қатарына кірді.
Президент Татьяна Белоусованы айтулы жетістігімен құттықтады.
"Бұл жоғары баға – сіздің өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі.
Біздің мақсатымыз – зияткер ұлтқа айналу. Сондықтан мемлекет әрдайым мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Global Teacher Prize білім беру саласындағы ең беделді халықаралық марапаттардың бірі болып саналады және жыл сайын оқушылар мен білім беру қауымдастығына елеулі әсер еткен мұғалімдерді атап өтеді.
2025 жылы байқауға 130-дан астам елден бірнеше мың өтінім түскен. Қорытынды кезеңде білім беру саласына қосқан үлесі мен жоғары кәсіби деңгейін көрсеткен 50 педагог іріктелген.
Финалистерді марапаттау рәсімі 2026 жылғы 1-5 ақпан аралығында Дубай қаласында өтетін халықаралық білім беру форумы аясында ұйымдастырылады.
Татьяна Белоусова. Фото: Алматы әкімдігі










