Өз қолыңызбен ПЕРДЕ тігіңіз!
«Адам көркі шүберек, ағаш көркі жапырақ» болса, үйдің көркі, бөлменің көркі перде деп айтуға әбден болады. Өйткені, бөлмеге сән беретін, терезенің шырайын ашатын, көзге қуаныш сыйлап, көңілді көтеретін әдемі перденің орны ерекше.
Үй бикелері оп-оңай іс санағанымен, осы перде таңдауға келгенде бас қатырып, барлық жағынан ыңғайлы әрі сәнде перде түрін таңдауда қиналысымызды жасыра алмай қаламыз. Себебі, бірінен бірі өткен, көздің жауын алатын әдемі перделерден көз сүрініп, қиялдап кететініміз де бар. Мұндай кездері әрине, көмекке мұқтажбыз.
Пердені таңдағанда қай бөлмеге қандай перде лайықты екендігін ойша білеміз. Қазір күннен күнге түрленіп отыратын, соңғы үлгідегі перделерді де таңдауға әуес келеміз.
Қазіргі кезде үй-жайды перде сияқты маңызды құрамды бөліксіз елестету мүмкін емес. Олар өзіндік әдемілігі арқасында декордың өте функционалды және пайдалы элементтері болып табылады. Сонымен, әсіресе қонақ бөлмеге арналған перде өзінің сыртқы сұлулығымен ерекшеленіп қана қоймай, дыбыс бәсеңдету, көше шаңы мен ас үйден шығатын түрлі тағамдардың иісінен және күн сәулесінен қорғау мақсатында қолданылады. Перделер интерьердің артықшылықтары мен стилін айқындап, қонақтардың назарын аударып тұратын немесе керісінше бөлмедегі басқа да заттармен сәйкестенетін элемент ретінде қарастырылады.
Сонда да сіз таңдаған перде жаныңызға жайлылық сыйлап, көңіліңізге қуаныш ұялата алар болса қателеспегеніңіз.
Алайда, қазіргі күні мүмкіндік те мол болғанымен, өз қолыңызбен жасаған пердеңіз ерекше әрі ешкімде жоқ екендігін ойлаған сәтте тігіс тігуге икеміңіз келсе өзіңіз тіккен перде әрі қарай да шабытыңызды, шығармашылық қиялыңызды дамытуға ықпал ететіндігін ойлаңыз.
Көп уақытты қажет етпейтін әрі қалтаңызға да қонымды, сапасы да көңіліңізден шығарлықтай перде тіккіңіз келеді ме?
Олай болса, іске сәт! Үйіңіздің сәнін келтірер пердені қиялыңыздың ұшқырлығына орай әдемі етіп тігіп алуыңызға болады.
Пердеге лайықты матаны неғұрлым жеңілінен таңдасаңыз, жуылған кезде де бастапқы қалпын жоймайтын табиғи матаны алған жөн. Осы орайда жаккард матасы тиімдірек болмақ. Өйткені оның кешіліктерінен гөрі артықшылықтары басымырақ:
* күн сәулесінен жақсы қорғайды;
* жылуды сақтауға айтарлықтай көмектеседі;
* сыртқы шудан оқшаулау қасиеттеріне ие;
* отқа төзімді;
* жуылған соң оңай кебеді;
* арнайы күтімді де көп қажет ете бермейді;
* тартымды көрінеді;
* түпнұсқаны ұзақ уақыт сақтайды;
* тозуға да төзімділігі жоғары, сонымен қатар, ол өрнектілігімен әдемі көрінеді. Бұл мата мақта және синтетикалық талшықтардың тығыз біріктірілуімен жасалған мата.
Сондықтан, осы жаккард стиліндегі пердеге лайықты матаны таңдап, өз қолымызбен перде тігуге кірісейік.
Енді бөлмеңіздің биіктігі мен көлемін, терезе саңылауларының өлшемін алып, интерьр дизайнына көңіл бөлеміз.
Таңдау сіздің қаржылық мүмкіндіктеріңіз бен қиялыңызға байланысты.
Пердені пішу кезінде матаның беткі жағын жоғары қарату керек. Содан соң, перденің төменгі шегін анықтап, матаның жанама бөлігіне перпендикуляр сызық жүргізу арқылы матаны кесеміз. Перденің екінші бөлігін матаның суреттерін келтіріп алғаннан соң аналогиялық түрде үлгілеу керек. Перденің екі бөлігі дайын болған кезде оларды астыңғы жағынан тігеді. Ал үстіңгі бөлігіне перденің карнизге бекуі үшін арнайы лента тігіледі. Содан кейін дайын болған пердені кесте немесе әшекейлі баулар, сонымен қатар, шілтер, шашақты баулар арқылы қалағаныңызша сәндеңіз. Бұл әркімнің қиялының жүйріктігіне байланысты болмақ.
Перде тігу кезінде негізгі үш өлшемнің қайсысын қолданарыңызды да шешіп алғаныңыз жөн. Үш ұзындық- А, В, С. А ұзындығы терезенің алдына дейін, В терезеден 10-15 см-дей төмен, С ұзындығы еденге дейінгі аралық.
Дайындаған: Г. Жұмаділдаева.
ERNUR. KZ