Бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Жаңа пилоттық жобаның басты талаптары мен ережелерін ата-аналарға кеңінен түсіндіру мақсатында бүгін облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Серік Айдарбекұлы мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғалия Балтабекқызы арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бірыңғай ваучер жобасының ережесіне сәйкес, жаңа платформа балалардың сабаққа белсенді қатысуын нақты тіркеп, қаржыны ашық әрі тиімді жұмсауға ықпал етеді. Сонымен қатар, балалардың денсаулығындағы кінәраттығы, отбасының жалпы әлеуметтік жағдайы және баланың жас ерекшелігі толық ескеріліп, шығармашылық және спорттық үйірмелерге қатысу реттілігі әділ түрде жүргізіледі. Жаңа жүйе мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарды біріктіріп, қызмет көрсету сапасын арттырады.
Ескерте кететін жайт, үйірмеге қатысушылар саны 100-ден асқан жағдайда террористік тұрғыдан осал объекті ретінде танылып, арнайы құжаттары мен құрылғылары болуы шарт. Сондай-ақ, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және өрт сөндіру департаментінен қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында құжаттарды заң жүзінде рәсімдеу міндеттеледі. Осылайша үйірмелер мен секцияларда санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары қатаңдатылмақ.
@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
Фото: Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы