Жаңа премьера көрерменге жол тартты

Бұл жолы театр ұжымы Әділбек Тауасаровтың «Аюдың апаны» драмасының премьерасын сахналап, адам тағдыры мен табиғат арасындағы арпалысты сахналады.
Қойылым үш әртістің қатысуымен өтеді. Ерекшелігі де сол үшеуі де басты кейіпкер. Үш тағдыр мен табиғат иелері тоғысқан азғындық пен махаббат оқиғасын бастан кешетін спектакльде үшеуінің басынан кешкендері, бүгінгі қоғамның кескін-келбетін жасырмай, шынайы көрсетеді.
Оқиға желісі атақты дәрігер Марат Мамаевичпен Айнаның орманға саяхаттап келуінен басталады. Табиғат аясында демалуға келген жұптың оқыстан омыртқасы ауырған дәрігер тұрып жүруден қалады. Айдала ну орманда ас-сусыз, аш күйінде түнеп шығудың өзі мұңға айналады. Дәл осындай қиын шақта қолұшын беруге тиісті орманшының оспадар қылығы екеуін де қатты таңқалдырады. Орманда жалғыз қалған жұбайларға қамқорлық танытпай, қайта бар байлығын сыпырып алған орманшы ем-домына дейін ақша сұрап ерлі-зайыптыларды әуре-сарсаңға салады.
Ақырында, соңғы дәріге әйелін айырбастауды талап етеді. Ал, науқас дәрігер шыбын жаны үшін жан-жарын сатуға да келіседі.
Орманшы – опасыз емес. Бұл-дәрігердің өзінің ұмыт қалған жауыздығына алған жазасы болып шықты. Атақты дәрігер бұрын орманшының өлім аузындағы әйелін аман алып қалам деп алдарқатып, қырауар қаржы сұраған екен. Орманшы барынан айрылса да, даңқты дәрігердің дәл осы ашкөздігін кешіре алмаған. Парадан көзі ашылмаған дәрігерден орманшы жылдар бойы жинаған кегін алады.
Қойылымда қазіргі күннің басты мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің айқын көріністері бейнеленеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Хұсейн Әмір-Темірдің режиссерлығымен өткен қойылымды көрермен қауым бір деммен, жақсы тамашалады.
Кейіпкерлерін аса шеберлікпен сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Бақытбек Темірбековке, Мәдениет саласының үздігі Сырым Әбдразақовқа және актриса Жауһар Еркіноваға театр көрермендері ризашылықтарын білдіріп, қошемет көрсетті.
Қызылорда облысының мәдениет басқармасы