Сыр елінде «Үш дәуірдің астанасы - Қызылорда» атты републикалық айтыс басталды

«Биыл - еліміз, өңіріміз үшін мерейтойлар жылы! Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына
180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Бұл мерейлі даталардың ұлт тарихында алар өзіндік орны мен маңызы зор. Сыр өңіріндегі айтулы шаралар мыңжылдық асыл мұрамыз айтыспен басталуда. Мемлекет басшымыз бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берген еді.
Өздеріңізге белгілі Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда келесі 5-ші отырысты Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.
Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті.
Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің өңірімізде атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы деп білеміз.
Сыр топырағынан түлеген ақындарымыз айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосуда. Өйткені, айтыс – мәңгілік киелі мұрамыз!
Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, бірлік пен ұлт тұтастығының алтын діңгегіне айналған қасиетті Сыр өңіріне келген қадамдарыңыз құтты болғай!
Халықты ізгілікке үндейтін өнердегі шын жүйріктер тыңдарманға келелі ой айтып, тағылымды сайыс жасаңыздар!
Баршаңызға сәттілік тілеймін!”-, деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айтыс алаңында еліміздің әр аймағынан жиналған 12 ақын бақ сынасады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі