Колледж студенттеріне шетелдік оқу орындарына жолдама берілді

Конференцияға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы сақтандыру кеңсесінің басшысы Скендер Сыла, онлайн режимде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге, Германия, Қырғызстан, Латвия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Финляндия мемлекеттерінің өкілдері, ғалымдар, барлық өңірдің денсаулық сақтау басқармасының басшылары, дәрігерлер, мейіргерлер, медициналық оқу орындары мен клиника басшылары қатысты.
Іс-шарадағы ақжолтай жаңалықтың бірі – медициналық жоғары колледж cтуденттеріне шетелдік оқу орындарына жолдама берілді.
Нақтырақ айтсақ, Қызылорда медициналық жоғары колледжі 3-курсының 12 студентіне Түркияның Стамбул қаласындағы «Medicana International Istanbul» клиникасынан оқу-өндірістік практикадан өтуге, 4-курстың 5 студентіне академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Латвия Республикасы І Рига медициналық колледжінде оқуға жолдама табысталды.
Айта кетейік, Қызылорда медициналық жоғары колледжі халықаралық серіктестікті нығайту мақсатында Германия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Латвияның жетекші медициналық мекемелерімен және оқу орындарымен серіктестік келісім-шартқа отырған. Сонымен қатар, отандық медициналық оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу мекемелерімен де ынтымақтастық орнатқан.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі