Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен келісімнің 30 жылы

- Биылғы Ассамблея сессиясына біздің өңірден 30-дан астам делегация өкілдері барып қатысты. Бұл – еліміздегі ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімге берілген зор мәннің көрінісі.
- Қызылорда өңірінде де Ассамблея жұмысы жүйелі түрде жұмыс жасап келеді. Этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдар бірлік пен өзара түсіністікті нығайту жолында белсенді қызмет етіп жатыр. Олардың басты міндеті – ұлтаралық келісімді, бейбіт өмір мен достықты насихаттау. Ассамблеяның өңірлік құрылымдары мәдени шаралар, қоғамдық кездесулер мен білім беру жобалары арқылы ел бірлігіне өз үлесін қосып келеді. Қоғамдық келісімді сақтау жолындағы бұл жұмыс — еліміздің тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадам,- деді Дәулет Кәрібайұлы.
- Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы – бірлік пен келісімнің маңызын тағы бір мәрте айқындаған маңызды шара болды. Ассамблея – әр этностың мәдениетін сақтауға ғана емес, ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуге мүмкіндік беретін алаң. Біз, Славян бірлестігінің өкілдері, қоғамдық келісімді нығайту ісіне үлес қосуды өзіміздің азаматтық парызымыз деп білеміз. Алдағы уақытта Қызылордада жаңа Достық үйі салынады деген жағымды жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдадық. Бұл — этномәдени бірлестіктер үшін зор қолдау және ортақ жұмысқа ынталандыратын игі бастама. Осындай қамқорлық пен қолдау үшін аймақ басшылығына зор алғысымызды білдіреміз. Бұл жоба — бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайтуға жол ашады деп сенеміз,- деді Галина Сергейқызы.
- Біз биылғы үлкен мерейтойлық Ассамблея сессиясына қатысып, ел үшін маңызды бағыттар бойынша бағыт-бағдар алдық. Аналар кеңесінің жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Кеңес мүшелері бірнеше әлеуметтік және тәрбиелік жобалардың басында жүр. Мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды нығайту, жастар тәрбиесіне үлес қосу және қоғамда тұрақтылықты сақтау. Қазіргі таңда кеңес «Айналайын» бағдарламасы, «Ақ орамал» жобасы, сондай-ақ «Сарбаздар анасы» атты жобалармен белсенді айналысып келеді. «Ақ орамал» жобасын біз «Сарбаздар анасы» жобасымен ұштастыра отырып жүзеге асырдық. Бұл бастама – әскери борышын өтеуден қашқандарға ой салу, отансүйгіштік пен жауапкершілікке үндеу мақсатында әзірленді. Жоба аясында аналар арқылы жастарға тәрбиелік әсер беру көзделіп отыр,- деді Айгүл Нажмадинқызы.