Өкіл қыз

Бірде Бекіш әке кезекті сапарын Шымкенттегі «Сарыағаш» шипажайына баруға арнады. Жас келін Алтынай атасының жолға керектісін әзірлеп, қазыналы қартты шығарып салды. Вокзалдан Бекішті Тұрсынкүл күтіп алып, пойыздағы жайлы орынды сайлап, билетін жүзі таныс ағасына берді.
– Қарағым, бір байқағаным үнемі сапарға шығар алдында тек өзіме болысып тұрасың. Өркенің өссін, жағың түспей жамандық көрме.
– Сіздерге қызмет ету арқылы үлкеннің батасын алу ғой мақсатымыз. Жақсы демалып қайтыңыз. Әркез тілекшіміз!
– Рақмет, айналайын, жақсы күнде жолыққанша, – деген Бекіш әке Шымкент шаһарына бағыт алды.
Ұзақ жол. Сырдың мың құбылған табиғатына терезеден қария көз салады. Сан ойлар жетегінде келе жатқан қарияның есіне Тұрсынкүлдің атадан алған тәлімі, анадан дарыған ибалы қасиеті жиі оралады. Бір емес, бірнеше мәрте жақынындай болысып, көмегін аямаған келіншектен ақылман қарт туыстық байланыс іздеді. Ақырында тапты. Ойлаған ісін Тереңөзекке келген бойда жүзеге асыруға бекінді. Осылайша межелі күнде жетіп, қарияның ішкі ойы шындыққа ұласатын сәт те жақындай түсті. Қашанда алыс сапардан оралғанда Бекіш әке бос қайтпайтын. Ол жақындарына үйіп-төгіп базарлық ала келеді. Үйдегі бала да, келін де, кемпір де мәре-сәре болып қуанып, бірнеше күн бір жасап қалады.
Бұл отбасы Тереңөзектің іргесінде орналасқан «Партияның ХХІ съезі» атындағы совхозда тұратын. Әрине, өткен ғасырдың бел ортасында болған қарашаңырақтағы оқиға, тұтастай әулеттің тағдырын былайғы жұртшылық біле бермейді. Біреу үшін ауылдағы кез келген қарапайым үйдің бірінде өрбіген жағдай болғанымен, туыстық тамырдың бойына қан жүгірткен ең әсерлі сәт еді. Алыс сапардан келген Бекіш әке Тұрсынкүлге өкіл қызы болуға ұсыныс айтады. Мұндай қариядан тосын мәлімдеме күтпеген келіншек өз ойының қариямен үндесетінін жеткізіп, еш ойланбастан келісім береді.
Кеңес өкіметі кезінде бір қойды бір айлық жалақыға сатып алуға болатын. Қолындағы ақшасын жиып-теріп, қой алған Бекіш әке ағайынның басын қосты. Туған-туыстың рұқсатын алу үшін Мұратбек пен Тұрсынкүлді үйіне шақырды. Дастарқан басында отырған әулеттің үлкендеріне көз тастаған Бекіш әке әңгімесін әріден бастады.
– Жақсы менен жаманда, қиындық пен қуанышта жанымнан табылған менің бауырларым, бүгінгі жиналудың өзіндік мән-мағынасы жеткілікті. Мен бірнеше жыл бойы жүзі таныс, одан қалды жақын жанға айналған Тұрсынкүлді өкіл қызым қылмақшымын. Өзінің де ойы менікімен шамалас. Шын мәнінде, өкіл ретінде туыс болу – қазақы ғұрыптың айнымас қағидасы. Өзгеге өкіл болу мұратының – жолы ауыр. Мұндай міндетті көтере алатын адам ғана өзіне жүктейді. Біраздан бері осы балама ықыласым ауған екен, ендеше өзімнің 4 баламмен тең көремін. Жанындағы жолдасы – Мұрат. Тұрсынкүл теміржол вокзалында жұмыс істейді.
– Қазақтың салты бойынша отбасыңыздың бір мүшесіне айналған мен үшін бұдан асқан мәртебе болмас. Енді менің екі әкем, екі шешем бар десем болады. Әркез аталы жолдың әдебінен айнымаспын, – дейді Тұрсынкүл.
Екі үйдің балалары сол сәттен бастап қоян-қолтық араласып кетті. Көрегендік танытқан Бекіш әке Тұрсынкүлді өз балаларымен бірге жақын тартты. Егін ексе, өнімін екі үйге бөлді. Үйдегі отанасы Орынкүл де өкіл қызына бауыр басып, үнемі ақылын айтып отыратын. Мұрат пен Тұрсынкүлдің отбасынсыз кейде қазан асылмайтын. Үйелмелі-сүйелмелі көпбалалы шаңырақ атанған бұлардың татулығы – көпке үлгі.
Бекіш әке дүниеден өтпес бұрын, перзенттеріне өкіл қызды ешқашан ренжетпеуді, қас-қабағына қарауды, арадағы қарым-қатынасты үзбеуді тапсырды. Әке аманатына селкеу түсірмеген Сағат апасының қасынан табылып, қамқорлығын жасап жүретін. Тұрсынкүл де бауырлары үшін қолда барын аямайды. Туыстықтан туындайтын құндылықтың қадірін арттыра түседі. Сонау теміржол вокзалындағы өрбіген таныстық күні бүгінге дейін жалғасын тапқан. Тұрсынкүл ана 85 жасында бақилыққа аттанды. Бірақ екі отбасындағы ұрпақтар сабақтастығы әлі күнге үзілген емес. Үзілмейді де.
Балтабай Аябекұлы
Фото: Ашық дереккөзден