Мемлекеттік мекемелерде ЖИ-ге шектеу қою керек - депутат

«Жасанды интеллектіге қауіппен қараймын. Тіпті кейде қорқамын. Шынымен қорқамын. Себебі бұл - интеллектуалдық деградацияға апарудың бір жолы. Адам өзі ойланып жазбаса, композитор музыкасын шығармаса, қалай болып барамыз?! Әлем жасанды интеллекті қолданды деп біз де соңынан ере береміз бе?», деді депутат.
Баққожаев Chat GPT-ге материалдарын салып, уақыт үнемдегісі келетін шенеуніктерді де тілге тие етті.
«Бұл «алма піс, аузыма түс» деген жалқау шенеуніктерге жақсы болды. Ал енді Chat GPT-дің ар жағындағы бенефициары кім? Ол материалдарды жинап, ертең өзімізге қарсы пайдаланбайтынына кім кепіл?», деді А. Баққожаев.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин депутаттың сұрағына жауап берді.
«ЖИ-дің жақсы жағы да бар. Жылдың аяғына дейін мемлекеттік органдармен бірге 50-ге жуық жасанды интеллект шешімдерін ассистент ретінде әзірлейміз», деді ол.
Алайда Анас Баққожаев бұл жұмысты әлі де жетілдіру керектігін ескертті. Қызметкерлер мемлекет тапсырмасын жасанды интеллектіге салғанда оның «құпиялығы» сақталмайтынын, сондықтан оны мемлекеттік органдарға пайдалануға шектеу қою керектігін жеткізді.