Онкоскринингтен өту тегін жүргізіледі

ҚР Мәжілісінің депутаттары онкологиялық дертін көпшіліктен ерте анықтаумен қатар, микротия диагнозымен сырқаттанатын балаларға мемлекеттен қолдау көрсетуге ықпал етті. Яғни, бір құлағы жоқ, есту қабілеті төмен балаларға медициналық аппарат тегін беріледі. Шын мәнінде, халық қалаулылары жұртшылыққа пайдасы зор заң жобасына түзетулер енгізді. Өз кезегінде ҚР Мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов арнайы заң аясында орын алған түзетуге түсіндірме берді.
– МӘМС-пен қамтылмаған азаматтардың енді ақысыз онкология бойынша скринингтен өту мүмкіндігі бар. Бұл Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмектің ішіне кірді. Бұл – өте үлкен жеңіс. Бюджет бұған қосымша қаражат бөлді. Үкіметпен талқылап, бір мәмілеге келдік. Бұл – депутаттардың бастамасы, – деді халық қалаулысы.
ҚР Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жергілікті әкімдіктер тарапынан облыс көлемінде құлақ мүкістігі бар, бірақ мүгедектігі жоқ азаматтардың ересегі болсын, баласы болсын барлығына құлақ аппаратын алып беруі заң аясында міндеттелгенін жеткізді. Айта кетейік, құлақ аппаратын 5 жыл сайын ауыстырып тұруға жергілікті тұрғындар құқылы.
Расында, көпшілік онкологиялық дерттің салдарынан оңалып кете алмайды. Өлім-жітімнің алдын алу – қашанда өзектілігін жоймайды. Бойында сырқаты бар жандар көбіне дәрігерге қарала бермейді. Салдарынан денсаулығын күрт нашарлатып, өздері ауыр хәлді бастан өткереді. Бұл бастама – қазақстандықтар үшін тиімді.
– МӘМС-тің көмегінсіз онкоскринингтен жергілікті тұрғындарды өткізу арқылы «қатерлі ісіктің» асқынуының алдын аламыз. Күнделікті емханаға келген науқастарға түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Онкоскринингтен өтуден тайсалатын жандар қатары аз емес. Оның ішінде, нәзік жандыларда қорқыныш сезімі басым. Біз жалпы, тәжірибелік дәрігермен қатар, жергілікті халықты онкоскринингтен өтуіне ықпал етеміз, – дейді Сырдария аудандық ауруханасының онколог-дәрігері Майра Халыбаева.
Б.АЯБЕКҰЛЫ
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Пікір 2