Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жартыжылдық қорытындысы: еңбек нарығын дамыту, әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек құқығын қорғау

Жартыжылдық қорытындысы: еңбек нарығын дамыту, әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек құқығын қорғау

Жаңа әлеуметтік төлемдерді енгізу, жұмыспен қамтуды белсенді түрде қолдау және қызметкерлер құқығын нығайту Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметінің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы негізгі бағыттарына айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлеуметтік бағдарламаларды басқару мен бақылауда инновациялық тәсілдерді жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінді.

Әлеуметтік қорғау және еңбек нарығын дамыту саласындағы жетістіктер туралы Primeminister.kz сайты редакциясының шолу жасады.

Еңбек нарығын дамыту және әлеуметтік қорғау

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерінің уақтылы орындалуын қамтамасыз етті.

Биылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мен барлық мемлекеттік жәрдемақылар инфляция деңгейіне индекстелді, ал ортақ зейнетақы инфляция деңгейінен 2%-ға жоғары болды. Қазақстандық жас буын арасында болашақ зейнетақының барабар деңгейін қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілер тарапынан міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен енгізу басталды.

Зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мақсатында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнайы әлеуметтік төлем енгізілген болатын. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын 1 млн-нан астам жұмыс істейтін азамат мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 5 әлеуметтік тәуекел бойынша 453 млрд теңге көлемінде төлемдер алды.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ортақ зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 42 түрі төленеді. Биылғы 6 айда 4,3 млн адамға: оның ішінде 2,4 млн зейнеткер мен 1,9 млн мемлекеттік жәрдемақы алушыға зейнетақы және жәрдемақы төлеуге 2,6 трлн теңге бөлінді. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған 67 мың отбасының 355 мыңнан астам адамына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Жұмыспен қамтуды қолдау шаралары

315 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамтуды белсенді қолдау шараларымен қамтылған. 231 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылса, оның 98 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орнына ие болды. Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша 36 мыңнан астам жұмыссыз азамат онлайн білім алса, оның 33 мыңға жуығы оқуын аяқтады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 38 мыңнан астам адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 24 мыңнан астамы оқуын аяқтап, сертификаттар алды. 110 мыңнан астам қазақстандық қызмет саласын таңдау бойынша әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті. Сонымен қатар жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарға 400 АЕК мөлшерінде 4 мыңнан астам грант берілді.

Министрлік 2029 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасын іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Өңірлер мен салалардағы сапалы жұмыс орындарын бақылау жүйесі әзірленіп, қолданылуда. Республикада сапалы жұмыс орындарының саны 2,3 млн-ға жетті, оның ішінде 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Еңбек құқығын қорғау, заңнамадағы өзгерістер және бақылауды күшейту

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 28,7 мыңнан астам қызметкердің құқығын қорғады. Атап айтқанда, 9,5 мың қызметкерге 2 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек төленді. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 19 мыңнан астам қызметкердің еңбек құқығы қорғалды.

Платформалық жұмыспен қамтуды регламенттейтін және аталған салада жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауды қамтамасыз ететін заңнамаға түзетулер қабылданды. Мемлекет басшысы мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына беруді көздейтін заңға қол қойды.

Осыған байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері ашылады, өңірлердегі инспекторлар саны артады. Бұл еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейтуге, қызметкерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға, еліміздің кәсіпорындарындағы қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, сондай-ақ еңбек дауы мен жанжалының туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы белсенді түрде іске асырылуда. Кәсіпорындардың цифрлық картасы жасалды, ол нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларын бақылауға мүмкіндік береді. Болашақта барлық бизнес-процестер: жұмыс орнын бағалау, жеке қорғаныс құралдарын және басқа кепілдіктер ұсыну, барлық деңгейде еңбекті қорғау бойынша білімін тексеру автоматтандырылады.¶

Көші-қон саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде басқа елдерде жұмыс істеуге ниет білдірген қазақстандықтар үшін жүйелі түрде оқу орталықтары ашылып келеді. Министрлік шетелдегі азаматтарымыздың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында бірқатар мемлекеттермен екіжақты келісімдерді пысықтады. 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін 8,8 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды.

Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру аясында жұмыс күші артық өңірлерден 4,8 мыңнан астам адам еңбек тапшылығы бар өңірлерге өз еркімен қоныс аударды. Қоныс аударушылардың барлығына мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.

Сонымен қатар «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң қабылданды. Оның шеңберінде адам саудасы құрбандарын әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету және тиісті нормативтік құқықтық актілерді бекіту функциялары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелген. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Жыл басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 514 мыңнан астам қызмет көрсетілді, оның ішінде 448 мыңға жуық техникалық оңалту құралдары берілді.

Мүгедектік тобын белгілеу бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы арқылы пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінен 45,5 мыңнан астам өтінім қаралды.

Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті заңнамалық тұрғыдан бекітілді.

Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін субъектілерді лицензиялауды көздейтін заңнамаға түзетулер қабылданды. Процесті реттейтін нормативтік-құқықтық актілер, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер үшін кәсіби стандарттар әзірленді. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және оларды ұсынатын субъектілердің қызметіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласында бақылауды қамтамасыз ету бойынша 1,7 мыңнан астам тексеру жүргізді. Еліміздің барлық өңірлерінде жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар нысандар мен инфрақұрылымды мүгедектігі бар адамдар үшін бейімдеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.
02 тамыз 2024 ж. 165 0