Күнбағыс майы қымбаттай ма?
Ал Ұлттық статистика бюросы оны бар деп есеп беріп отыр. Сонда Үкімет шынайы жағдайды жасырғысы келіп отыр ма? Саланың одан да басқа проблемасы қандай?
Шикізат тапшылығы бұрыннан бар
Елімізде шикізат жетіспеушілігінен дәл бір күнбағыс майының бағасы өсіп кетуі мүмкін екені жайындағы дүрлігіс – жыл сайын қайталанатын жағдай. Кем дегенде соңғы 5-6 жылда осылай боп келеді. Өнім аз шыққандықтан, жұмысын тоқтатқан зауыт көп. Биыл да осындай әңгіменің ұшығы шыққан сияқты. Өйткені Ұлттық статистика бюросы «шикізат бар» десе, «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» (МДҚӨҰҚ) «жоқ» дейді. Мұндай дауға ҰСБ-ның кезекті бір онлайн отырысы кезінде куә болдық. Бюроның мәліметінше, 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 419,8 мың тонна күнбағыс тұқымы бар екен. Оның ішінде май өңдеу зауыттарында – 165 мың тонна, нарыққа қатысушы өзге тараптарда – 254,6 мың тонна. Ал ұлттық қауымдастықтың атқарушы директоры Андрей Антонов елдегі күнбағыс тұқымдарының қалдықтары туралы ресми мәліметтер дұрыс емес екенін айтады. Былтыр да осылай болғанын алға тартқан ол: «күнбағыс шемішкесінің көлемі туралы ақпарат шамамен 33%-ға немесе 262 мың тоннаға ауытқып тұр» дейді. Ал оған қарсы уәж айтқан Ұлттық статистика бюросы Ауыл шаруашылығы статистикасы және ұлттық санақ департаментінің директоры Әсел Жартыбаева: «Майлы дақылдарды сақтайтындардың барлығы бюроға есеп береді. Оның ішінде қоймалар, май зауыттары, фермерлер, көтерме және бөлшек сауда дүкендері, яғни респонденттердің ауқымы өте кең. Ал қауымдастық тек май зауыттарындағы қалдықтардың бар-жоғын бақылайды» деп түсіндірді. Десе де, қос тарап та өз ұстанымдарынан қайтпады. Осылайша, жағдайға іс жүзінде көз жеткізу үшін бірге барып тексеруге уағдаласты. Ал ол тексерістен не шығатыны әзірге белгісіз. Белгілісі, жоқ шикізаттың орнын толтырмаса, күнбағыс майы қымбаттап кетуі мүмкін. Өйткені өндіріс маусымы шілде-ақпан аралығындағы 8 айды құрайтын бұл кезеңде май зауыттары қамбаны астыққа толтыруға тиіс. Бірақ елімізде күнбағыс дәнінің тапшылығы бұрыннан бар. Мәселен, жыл сайын 1 миллион тоннаға жуық күнбағыс шемішкесі жиналатын болса, еліміздегі май зауыттардың өңдеу қуаттылығы 3 миллион тоннадан асады.
Бұл ретте отандық зауыттардың жүктемесін арттыру үшін 2023 жылғы 1 ақпаннан бастап елімізден күнбағыс тұқымын әкетуге жүк құнының 20%-ы мөлшерінде, бірақ тоннасына 100 еуродан кем емес баж алымы қолданыла бастаған еді. Баж салынғаннан кейін ішкі нарықта күнбағыс тұқымын сатып алу бағасы күрт төмендеді. Оған қоса, зауыттар Ресейден күнбағыстың үлкен көлемін импорттай отырып, жергілікті шикізатты сатып алуды тоқтатты. Бұл туралы дихандар көп мәрте шағымданғанымен, мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда бұл дақылдың табыстылығы төмендеді. Шикізат тапшылығының бір себебі осында жатқан болуы да мүмкін.
Сала мультипликативті әсерге ие
Майлы-қоңды өнім өндірісі, яки сұйық өсімдік және қатты кілегей майын өндіру агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бөлігі деуге болады. Бұл саладағы кәсіпорындар өсімдік майы, маргарин, тоң май, майонез, соустар сияқты әлеуметтік маңызы бар өнімдерді шығарады. Олар тек азық-түлік мақсатында ғана емес, сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенінің аралас салаларында да: құс шаруашылығында, мал шаруашылығында, жемшөп және кондитерлік өнеркәсіпте пайдаланылады. Май өнімдері лак-бояу, сабын, жуғыш заттар өндірісінде де қолданылады. Бұл сегментіндегі өзгерістер экономиканың өзге салаларына мультипликативті әсер беруге қауқарлы. Мысалы, майлы дақылдар шикізаты тапшы болса, өсімдік майы ғана емес, ет те, сүт өнімдері мен жұмыртқа да қымбаттауы мүмкін. Өйткені ақуызы мол жемшөп тапшылығы туындайды. Оның сыртында тұрмыстық химияның бағасы өсу ықтималдығы тағы бар. Десе де, әзірге Үкімет бағаны ауыздықтай алып отыр.
Биылғы наурыз айының қорытындысында елімізде өсімдік майының бөлшек саудадағы бағасы былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,5%-ға төмендеген. Бұл ретте күнбағыс майы 24,6%-ға арзандаса, зәйтүн майы, керісінше 18,7%-ға қымбаттапты. Мұндай мәліметті Energyprom.kz келтіріп отыр. Биылғы бірінші тоқсанда елімізде 194,4 мың тонна өсімдік майы өндірілген екен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 13,4%-ға артық. Әдеттегідей ең көп көлем Шығыс Қазақстан облысына тиесілі – 80,1 мың тонна, яки бір жылда өндіріс 26,3%-ға артқан. Екінші орында Абай облысы – 35,2 мың тонна, үшінші орында Ақмола облысы – 20,7 мың тонна.
Ал тазартылмаған өсімдік майын өндіру 15,9%-ға 156,8 мың тоннаға дейін, тазартылғаны 4%-ға 37,6 мың тоннаға дейін өскен. Рафинадталмаған май өндірісі ШҚО, Абай және Ақмола облыстарында шоғырланған болса, рафинадталған май өндіруде Шығыс Қазақстан облысы, Шымкент және Алматы қалалары көш бастап тұр. Осылайша, өсімдік майының жалпы өндірісінің 80%-ы тазартылмаған түріне тиесілі болса, оның ішінде күнбағыс майының үлесі басым.
«Бұл көрсеткіштерге өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған мемлекеттік шаралардың арқасында қол жетіп отыр. Бұл жердегі бір мәселе – шикізат болса, елімізде күнбағыс, рапс, соя, мақсары, мақта, зығыр және қыша сынды майлы дақылдар қарқынды өсірілуде. Олардың жалпы егіс көлемі биыл 3,1 миллион гектардан асты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспарына сәйкес, Қазақстан майлы дақылдар алқабын 373 мың гектарға ұлғайту арқылы астық алқаптарын қысқартуды көздеп отыр», – дейді Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің Ұлттық қауымдастығының (МДҚӨҰҚ) басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимов.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта өсімдік майын өндіруге 80 кәсіпорын жұмылдырылған екен. Оған қоса, тағы да 3 зауыттың құрылысы жүруде. Мұның барлығы саладағы өнімділікті арттыра түсу үшін жасалып отыр.
«2023 жылы Қазақстанда 672 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Ал биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 750 мың тоннаға дейін ұлғайту болжанып отыр. Бұған егіс алқаптарын кеңейту, шикізат сатып алуға айналым қаражатын беру және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен қол жеткізілетін болады. Сондай-ақ осы жылдан бастап Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жалпы қуаттылығы 100 мың тонна болатын үш жобаны іске асыру басталды. Мақсат – Қытай нарығына күнжара мен жом түріндегі дайын және жанама өнімдерді өткізу», – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында.
Орталық Азиядағы халық санының жыл сайын өсуіне сәйкес күнбағыс майына деген сұраныс та тек қана арта түсетіні белгілі. Бұл өз кезегінде еліміздің әлеуметтік маңызы зор осынау өнімнің аймақтағы негізгі өндірушісі болуға мүмкіндік бермек. Мысалы, 2022-2023 жылдары Тәжікстанға өсімдік майын жеткізу үлесі 70%-ға дейін өсіп, Қазақстан Ресейді жетекші орыннан ығыстырып тастаған екен. Өзбекстан мен Ауғанстан нарығына да май өнімдерін жеткізу үлесі артып келеді. Егер агроөнеркәсіп кешеніндегі саясатты дұрыс жолға қоя білсек, ортамерзімді перспективада Орталық Азиядағы сұранысты толық қанағаттандыруға мүмкіндігіміз бар. Ал жалпы, қазіргі кезде май өнімдері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, БАӘ, Эстония және Қытай сияқты елдерге экспортталады. 2016 жылдан бері Қазақстанның Экспорттық-несие агенттігі экспорттаушыларға 1 триллион теңгеден астам сомаға қолдау көрсеткен екен.
«Биылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысында жергілікті компаниялар өсімдік майына сұранысты, яки ішкі нарықпен қоса экспортты 84,9%-ға қамтамасыз етіп отыр. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 79,7% болатын. Ал импорттың үлесі, тиісінше, ресурстардың 15,1%-ын құрады. Экспорт бірден 61,9%-ға өсіп, 86,6 мың тоннаға жеткен. Бұл – өндірілген жалпы көлемнің 59%-ы. Ал ішкі нарықтағы сатылуы 60,2 мың тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 30,5%-ға аз. Егер нақты күнбағыс майы туралы айтатын болсақ, қазақстандық кәсіпорындар еліміздегі сұраныстың 89,3%-ын қамтамасыз ете алды, былтыр ол 83,7% еді. Ішкі нарықтағы сату көлемі 12,6%-ға, 53,5 мың тоннаға дейін төмендеп кеткен. Ал экспортқа 72,5 мың тонна өнім жолданды, бұл бір жыл бұрынғыдан 73,8%-ға артық», – дейді МДҚӨҰҚ басшысы Ядыкар Ибрагимов.
Десе де, аталған кезеңде майлы дақылдардың өзге түрлерінің – рапс (56,8%-ға, 9,6 мың тоннаға), мақсары (48,4%-ға, 755 тоннаға) және соя (6,5%-ға, 6,4 мың тоннаға) майларының өндірісі төмендеп отырғанын айта кету керек.
Меже – 1 млрд доллар
Майлы-қоңды өнім өнеркәсібі құс шаруашылығы, мал шаруашылығы және жем өнеркәсібі үшін дамудың негізі екенін айттық. Өйткені ақуызы мол жемге негізінен май зауыттарының жанама өнімі – күнжара мен жом қосылады. Отандық өңдеушілер елімізді осы өніммен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортты да арттырып отыр. Өткен маусымда бұл көрсеткіш 51%-ға артып, яки 239 мың тоннаға жетіп, еліміздің бүкіл тарихындағы рекордты көрсеткен екен.
Еурокомиссияның мәліметі бойынша, биылғы маусымның сегіз айында (шілде-ақпан) Қазақстан ЕуроОдақ елдеріне күнбағыс күнжарасын экспорттаушылардың үздік бестігіне еніпті. Елімізден ЕО-ға майлы-қоңды өнімдердің жалпы экспорты 2022 жылы 91%-ға артып, 75,53 мың тоннаға жетті. Ақшалай есептегенде 118%-ға, яки 32 млн долларға дейін өсті. 2023 жылы бұл көрсеткіш екі есе дерлік өсіп, 145,56 мың тоннаны құрады, шетел валютасымен есептегенде 47%-ға өсіп, 47 млн долларға жетті. Көріп отырғанымыздай, қазақстандық тағамдық май өнімдерін жеткізу географиясы дәстүрлі нарықтармен шектеліп қалмай, жылдан жылға кеңейіп келеді.
«Сұйық май мен күнжара сатудан түсетін валюталық түсім тұқым, яки шикізат сатумен салыстырғанда, қашан да жоғары боп келеді. Мәселен, өткен маусымда күнбағыс шемішкісін экспорттаудан түскен валюталық кіріс 111 миллион долларды құраса, май мен күнжара 129 миллион доллардан асқан, сондай-ақ бұл алдынғы маусыммен салыстырғанда 17%-ға көп», – дейді МДҚӨҰҚ басшысы Ядыкар Ибрагимов.
Қауымдастықтың болжамы бойынша, алдағы үш маусымда қазақстандық майлы-қоңды өнімдердің жалпы валюталық түсімі 700 миллион доллардан асып, 2028 жылға қарай 1 миллиард долларға жетуі мүмкін. Мәселен, 2022-2023 маркетингтік жылдағы қорытынды 509 миллион долларды құраған. Түйіндей айтқанда, елімізде бұл саланы дамыта түсу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Олар – қолайлы географиялық орналасуы, логистикалық мүмкіндіктер мен экспорттық нарықтар, шикізат базасы мен оны дамытуға субсидиялар жыл сайын ұлғайып, егістік алқаптары да кеңейіп келеді. Майлы дақылдарды өңдеу мен өсімдік майын өндіру саласындағы бүгінгі ахуал осындай. Бизнес те, мемлекет те қамсыз емес, ал күнбағыс майының бағасы өсе ме, өспей ме оны енді-енді басталып жатқан маусым көрсетпек.