Маңғыстаулық өнерпаздар командалық айтыста басым түсті
Маңғыстау облысында республикалық командалық айтыс өтті.
Ақтауда «АМАNАТ» партиясының қолдауымен Маңғыстау облысы әкімдігі ұйымдастырған Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында республикалық командалық айтыс өтті. Аламан додада Маңғыстау және Атырау облыстарының ақындары мен дәстүрлі өнер өкілдері бақ сынады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ауқымды республикалық мега-жобаның алғашқы кезеңі 20 команданың қатысуымен өтіп, үздік 10 команда анықталады. Екінші кезеңде 10 команданың ішінен 4 мықты команда келесі кезеңге жолдама алады. Үшінші кезеңде анықталған 2 команда 2025 жылы Астана қаласында өтетін ақтық сайысқа қатысады.
Аламан айтысты елімізге белгілі айтыскер ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай жүргізді.
«Айтыс – шешендік өнердің баға жетпес мұрасы. Келелі сөз бен кестелі ойды өлеңмен жеткізіп, көпшілікке рухани кеш сыйлаған жыр сүлейлеріне алғыс айтамын. Республикалық командалық айтыстың алғашқы додасы Қызылорда қаласында басталып, кейін Түркістан мен Жезқазған қалаларында жалғасын тапты. Бүгінде Маңғыстау төріндегі аламан айтыс та көптің көңілінен шықты деген үміттемін», – деді ол.
Айтыс шарты бойынша әр командада төрт айтыс ақыны, бір термеші, бір жыршы, бір дәстүрлі әнші және бір күйші болуға тиіс. Ақындар айтыстың түре, сүре, қайым, өтірік өлең айтысы түрлерінен сынға түседі.
Жүйрік тілді командалық ақындар айтысында дүбірлі топты жарып, республикалық командалық айтыста Маңғыстау облысының ақындары 187 ұпаймен басым түсіп, жолдама иеленді.
Командалық айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» орденінің иегері Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы баға берді.
Өнер бәсекесіне «AMANAT» партиясы саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев, Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, басқарма, департамент басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, өнер ұжымдары, азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері, жалпы халайық қатысты.