Соғыста қаза болған ағайынды майдангерлердің топырағы туған жеріне жеткізілді
17 мамыр күні Ұлы Отан соғысында қаза болған Сыр елінің тумалары, қазақ жауынгерлері ағайын Смағұл және Рысқұл Кендірбаевтардың топырағы туған жерге жеткізілді.
Аталған рәсімге Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері, «Атамның аманаты» ҚБ, облыстық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері мен қаза тапқандардың туыстары қатысты.
Шараға арнайы қатысқан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А. Есмаханов жауынгерлердің сүйектерін елге жеткізуге атсалысқандар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Смағұл Кендірбаев 1920 жылы туылған. 1939 жылы әскер қатарына шақырылған. 1944 жылдың 18 ақпанына дейін №260 атқыштар полкінің 2-ші батальонында болды. Майданда болған соңғы жері – Ленинград фронтының 21-армиясының жеке шаңғы батальоны, 125-ші атқыштар дивизиясының құрамында 1944 жылы қаза тауып, Эстония елі, Райденаудағы бауырластар бейітінде жерленген.
Рысқұл Кендірбаев 1926 жылы туылған. Қазақ ССР, Қызылорда облысы, Тереңөзек аудандық әскери комиссариатынан жұмысшылар мен шаруалардың қызыл армиясы қатарына шақырылды. Майданда болған соңғы жері - 207 атқыштар полкі, 76 атқыштар дивизиясы
(11 құрылым). Ол - осы дивизия құрамында жүріп, Берлин маңында ауыр жарақат алып, 1945 жылы 7 мамырда жарақатының ауырлығынан ауруханада қайтыс болады. Германиядағы жаппай қабірде әскери қызметшілермен бірге Ораниенбург ауданы, Хеннигсдорф, Ратенау паркінде жерленген.
Елі үшін жанын қиған аталарымыздың топырағы қайта жерлеу әскери құрметімен туған жері Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентіне қарасты «Қаңлы» зиратына қойылды.