Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті Рамазан – рақым айы

Қасиетті Рамазан – рақым айы

Мұсылман жұртшылығы үшін қасиетті бес парыз бар. Сол бес парыздың бірі – Рамазан айында отыз күн ораза тұту. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мәлімдемесіне сәйкес, биылғы Рамазан айы 11 наурызда басталды.Рамазан – жақсылық пен мейірімге толы ерекше ай. Күллі мұсылман асыға күтетін қасиетті Рамазан айы биыл 11 нау­рыз бен 9 сәуір аралығында өтеді. Ал Ораза Айт мерекесі 10 сәуірге тура келеді. Қасиетті Қадір түні 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түні өтеді. Сондай-ақ ҚМДБ шешімі бойынша жан басына шаққандағы пітір садақаның мөлшері 640 теңге болып белгіленді.

– ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мә­­лім­­­­деме­сіне сәй­кес, биылғы Рама­зан айы 11 нау­рыз­да басталады. Ал Айт мерекесі 10 сәуір­­де өтеді. Рамазан айындағы жалпы пітір садақа мөлшері бекі­тілгенімен құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Сонымен қатар пітір садақаны жүкті әйел­дер ішіндегі сәбиі үшін де береді. Садақаны мешітке келіп немесе мобильді қосымшалар арқылы да аударуға болады. Дәстүр бойынша мешіттерімізде ауызашар дастарханы жайылып, белгіленген тәртіпте өткізіледі, – дейді Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев.

Рамазан – айлардың төресі. Бұл айда барша мұсылман баласы бір ай бойы ораза тұтады. Яғни таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін аулақ ұстап, жақсы амалдарды көбейтеді. Негізі ораза араб тілінде «Әс-саум» немесе «Әс-сиям» деп аталады. Оның қазақша мағынасы арнайы ниет етіп, таңның атысынан күннің батысына дейін ішіп-жеуден тыйылу және ер мен әйелдің қосылуынан сақтану дегенді білдіреді. Рамазан айын­да ораза ұстау – Ислам рүкіндерінің төртінші парызы. Бұл Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғаннан кейінгі екінші жылында парыз болған.

Жалпы шариғатта ораза екі түрге бөлінеді. Біріншісі – парыз ораза. Ол – осы Рамазан айында келетін ораза. Екіншісі – нәпіл ораза. Бұған Рамазан айындағы оразадан басқа барлық қосымша ораза кіреді. Рамазан айы – Жаратушы тарапынан мұсылман әлеміне бір жыл бойына атқар­ған тірлігіне, жасаған күнәларына, жіберген қателіктеріне көз тастап, бір айдың ішінде есеп беретін, тәубе етіп күнәлардан арылатын қасиетті ай. Сонымен бірге бұл ай – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі.

– Берекелі Рамазан – құлшылық айы. Бұл ай қысқа мерзімді медресе сияқты. Отыз күн ішінде адам мүмкіндігінше жақсы сөз айтып, өзінің сөзіне, мінезіне және басқалармен болған қарым-қатынасына назар салады, бақылайды. Ораза – тек ішіп-жемге ауыз бекіту емес, Алла Тағала разы болмайтын барлық істерден және сөздер мен қылықтардан тыйылып, күллі ізгілікке бет бұру, – дейді Қызылорда облысының бас имамы Д.Құрманбаев.

Ораза тұтқан адамның бір жұтым су ішсе де, сәресіге тұрғаны абзал саналады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені сәренің тамағында берекет бар» десе, басқа бір хадисінде «Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су болса да, оны тастамаңдар. Өйткені Алла сәресіде тамақтанғандарға рақымшылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді» деп айтқан.

Жоғарыда айтып өткеніміздей мүфтият биылғы пітір садақасының мөлшерін екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге деп бекітті. Былтыр пітір-садақа мөлшері 530 теңге болған еді. Дін ғалым­дары пітір садақасын айт күні таң атқан соң айт намазын оқымай тұрып беру ұнамды амал дейді. Алайда, пітір садақаны Рамазан айы кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейінгі аралықта беруге болады. Көптеген адам соңғы күні пітір садақа беруді ұмытып, уақытынан кешіктіріп жатады. Сондықтан Рамазан айының ішінде де пітір садақасын беруге болады.

Жалпы ораза адам денсаулығына да пайдалы. Себебі адам ораза ұстаған кезде қан қысымы реттеліп, холестерин деңгейі төмендейді. Сонымен қатар организмдегі қант деңгейінің тұрақты болуына да септігін тигізеді.

– Бұл кезеңде ең бастысы – дұрыс тамақтану. Яғни, ауыз ашқан кезде құнар­лы, ақуызы көп пайдалы тамақтарды және жеміс-жидектер мен көкөністерді жиі жеу керек. Алайда, медицина жағынан кей адамдарға ораза ұстауға кеңес берілмейді. Мысалы асқазанның ойық жара ауруы бар, қант диабетіне шалдыққан науқастар, жүкті, емізулі баласы бар әйелдер және кішкентай балалар. Сондықтан дәрігердің кеңесін ала отырып, ораза ұстаған жөн, – дейді жалпы тәжірибелі дәрігер Меруерт Нұрымбет.

Айта кету керек, Рамазан айының құрметіне жергілікті атқарушы органдар мен ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігі бірлесе отырып, түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастырмақ ниетте. Оның ішінде ауызашар­лар, тақырыптық кездесулер, қайы­рым­дылық іс-шаралары бар. Жалпы қайырымдылық пен жанашырлық, ізеттілік пен имандылық қасиеттерін дәріптейтін айда саналы адам сауап жинап, жақсы істердің басы-қасынан табылуға тырысады. Ендеше, құрметті оқырман, сіз де жақсылықтың жаршысы болып, игі ниет жолында ізгі істерді атқара беріңіз...!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: sunnaportal.com
12 наурыз 2024 ж. 226 0