«Құрылыс жұмыстары басталды»
Тақырыпты тырнақшаға алуымыз бекер емес. Себебі құрылыс жұмыстары толық басталмаса да дайындық жұмыстары қолға алынған. Белгіленген аумақ қаңылтырмен қоршалып, жерді тегістеу, қазу жұмыстары жүргізілуде. Мұны аудан тұрғындары да анық байқап, «Руханият» орталығының құрылысы басталды» деп сүйіншілеп жүр. Байқағандарыңыздай біз ауданда салынып, биыл пайдалануға берілуі жоспарланған «Руханият» орталығы жөнінде жазып отырмыз.
Соңғы екі жылда аймақтың мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қызылорда қаласында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Сондай-ақ 1 млрд 500 млн теңгеге салынған «Отбасы» орталығы өз қызметін бастады. Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды. Алдағы уақытта тарихшылардың ғылыми негіздемелеріне және археологиялық қазба нәтижелеріне сүйеніп, алтын киімді «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары жасалып, осы күнге дейін беймәлім болып келген, шет елдерде сақталған жәдігерлердің көшірмелері ел назарына ұсынылады деп күтілуде. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында Сыр өңірінде биылғы жыл «Руханият жылы» деп жарияланды. Жыл аясында тек мәдени-көпшілік іс-шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Сол ауқымды жобалардың бірі де бірегейі 7 ауданда салынатын «Руханият» орталығы десек, артық айтқандық емес.
Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың бастамасымен аймағымыздың 7 ауданында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары секілді бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынбақ. Қазірдің өзінде жұмыстар қолға алынып, қарқынды түрде жүргізілуде. Себебі типтік үлгідегі нысандарды жыл аяғына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
– Барлық ұйымдарды бір ғимаратқа біріктіру арқылы бюджет қаржысы үнемделеді. Тағы бір пайдалы тұсы – ақсақалдар мен жастар бір-бірімен араласып, бірлескен жобаларды жүзеге асырады, жас буын үлкендердің ақылын тыңдап, тәжірибе алмасады. Мұндай орталықтардың бой көтергені бірнеше нысан салғанға қарағанда әлдеқайда тиімді. Әрқайсысын бөлек салғанда әрбіріне 1 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалады, әрі қарай оны күтіп ұстауға да шығын кетеді. Бір ғимарат ішінде мәдени-көпшілік іс-шаралар, концерттер, мерекелік кештер өткізу ғимаратты тұрғындар жиі келетін мәдениет ошағына айналдырады, – деген еді аудандағы келелі басқосулардың бірінде аудан әкімі Берік Сәрменбаев.
Өңірдің барлық ауданында бой көтеретін нысан тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды бір ортаға тоғыстырады. Мұнда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға арналған мазмұнды жиындар өткізіледі. Орталықта экспонаттар мен құнды құжаттарды арнайы сақтау бөлмелері де болады. Жалпы ел арасында рухани әмбебап орталық құру идеясы Ұлттық құрылтайдан кейін туындаған еді. Мемлекет басшысы алқалы жиында мәдениет, өнер, руханият тақырыбына айрықша тоқталып, халқымыздың қазақстандықтарды біріктіруші ұлт ретіндегі даму бағыттарын айқындап берген болатын.
Ауданымыздағы «Руханият» орталығы Тереңөзек кентіндегі №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің жанынан салынбақ. А.Иманов пен Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысынан бой көтеретін көпқабатты ғимарат аудан ажарына сән беріп, кент келбетін айшықтай түсетіні анық.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ