Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық бірлестік құру жеңілдейді

Қоғамдық бірлестік құру жеңілдейді

Ел Президенті Қ.Тоқаев азаматтық қоғамды дамытудың мемлекет үшін маңызы жоғары екенін айтқан болатын. Осы ретте Парла­мент қоғамдық бірлестіктер жұмысын рет­тейтін заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатында бірқатар ұсыныс айтып,­ заң жобасы әзірленген еді. Бұл заң жоба­сы депутаттардың бастамашылығымен дайындалғанын да айтып өткеніміз орынды.

Өткен аптада Сенаттың пленарлық отырысында депутаттар ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды мақұлдады. «Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат – азаматтардың қоғамдық бірлестіктер құру рәсімдерін жеңілдету және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау» деп атап өтті Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов.

Жалпы Қоғамдық бiр­лестiктердiң құқықтық жағ­дайының ерекшелiктерi «Қо­ғамдық бiрлестiктер туралы» заңмен реттеледі. Заңда «ор­тақ мақсаттарға жету үшiн азаматтардың ерiктi бiрiгуi нәти­жесiнде құрылған ұйым, егер заңдарда өзгеше белгіленбесе қоғамдық бiрлестiк болып табылады» деп жазылған. Бұл заңның қабылданғанына биыл 27 жыл толады. Еліміздегі демократиялық үдерістердің жаңа белеске шы­ғуы, азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің кеңеюі заңды жетілдіруге жол ашты. Бұл мақсат­ты жұмыс Президенттің былтырғы Жолдауынан кейін қолға алынып, бастамашыл азаматтар мен депутаттар талқысынан өткен заң жан-жақты сараланды. Енді Мәжіліс пен Сенат мақұлдап, Президент қол қойған заңның басты жаңашылдығына тоқталсақ.

Заңда қоғамдық бірлестіктерді құруға қажетті адамдардың санын 10 адамнан 3 адамға дейін төмендету көзделген. Бұл жұмысты жеңілдетеді, яғни қоғамдық бірлестікті тіркеу бұрынғыға қарағанда оңай болады. Сондықтан салалық министрлік заң жобасы азаматтық қоғамды одан әрі дамыту және жаңа қоғамдық бірлестіктер құру тәртібін оңайлату мақсатында әзірленгенін ресми мәлімдеді.

– Бұл өзгерістердің ең басты жаңалығы – ендігі жерде қоғамдық ұйымды тіркеу үшін бастамашыл азаматтардың санын 3 есе, яғни 10 адамнан 3 адамға дейін қысқарту болмақ. Қоғамдық ұйымдарға қатысты мұндай еркіндік әлемнің озық тәжірибесіне сүйеніп жасалғанын ерекше атап өту керек. Біз Бельгия, Чехия, Литва елдерінде бар жүйеге жүгініп, бастамашыл 3 адамдық принципті қабылдап отырмыз, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева.

Министр бұл қадам еліміздің халықаралық беделін бекіте түсетініне сенімді. Ол жаңа заң жобасы елімізде соңғы кезде құрылған жаңа өңірлер туралы заңнамалық өзгерістерді ескере отырып, коммерциялық емес ұйымдар туралы қолданыстағы заңның нормаларын қайталамайтынын да айтты. Еске салсақ, Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. 14 желтоқсанда Сенаттың пленарлық отырысында сенаторлар да бірауыздан мақұлдады. Конституцияның 61-бабында Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен мақұлданған заңға он күннің ішінде Президенттің қол қоятыны жазылған. Соған сәйкес тиісті заңға 21 желтоқсан күні Мемлекет басшысы қол қойды. Енді ол баспасөзде ресми жарияланып, қолданысқа енгізіліп, қоғамдық бірлестіктерді тіркеу де, жұмысын жүргізу де жеңілдемек. Бірақ жауапкершілік те бар екенін қаперде ұстағанымыз дұрыс.

Ақтөре Ибрагимұлы

Фото: Нұрболат Нұржаубай
23 желтоқсан 2023 ж. 252 0