Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әуе қызметтерін дамыту мәселесі талқыланды

Әуе қызметтерін дамыту мәселесі талқыланды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет мәжілісінде авиация саласын дамыту, стихиялық қоқыстарды жою туралы айтылды.

Ведомство басшылары мен кейбір өңір әкімдері талқыланған мәселелер, алдағы міндеттер туралы хабарлама жасады.

Үкімет жиынынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізді. Алдағы жылы пайдалануға берілетін «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалында халықаралық және басқа облыстарға рейстер ашылуы керектігін ескертті.

«Жаңа терминалдың мүмкіндігін толық пайдаланып, халықаралық және басқа облыс орталықтарына қатынайтын рейстер ашуымыз керек. Әуежай өзін-өзі қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті бюджетке қаржы түсіруі тиіс. Салалық министрлікпен белсенді жұмыс атқарып, еліміздің, қажет болса шетелдік әуе компанияларын тартып, рейс санын көбейту қажет. Бағасы облыс тұрғындарына қолжетімді болуы тиіс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Ұшақтың қауіпсіз және үздіксіз ұшып-қонуын қамтамасыз ету үшін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына Қызылорда қаласы және Сырдария ауданы әкімдіктерімен бірлесіп, сол маңдағы жер учаскелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша елді мекендерде жергілікті тұрғындар қоқысты арнайы белгіленген жерге жеткізбей, қоршаған ортаны ластағаны айтылды. Өңірде биыл ғарыштық мониторинг нәтижесімен 74 стихиялық қоқыс орны анықталып, тазартылған. Бұл қалдықты арнайы полигондарға жеткізбеу салдарынан жиналған. Осыған байланысты, Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы әзірленіп, бекітілуі керектігі қатаң тапсырылды. Экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін тұрмыстық қалдықтар полигондарын қалпына келтіріп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мүмкіндігін қарастыру қажет. Мұнан бөлек, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы әкетіп, кәдеге жарату шараларын қолға алу, медициналық және биологиялық қалдықтарды заңдылыққа сәйкес жоюды қамтамасыз ету міндеттелді.


Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
19 желтоқсан 2023 ж. 172 0