Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әуе қатынастары қызметін жақсарту жолдары қаралды

Әуе қатынастары қызметін жақсарту жолдары қаралды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтық авиацияны дамыту мәселелері, АИТВ инфекциясының алдын алу мен емдеудің кешенді шаралары қаралды. Жауапты сала басшылары баяндама жасап, тиісті тапсырма алды.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткізген мәжілісте берілген тапсырмаларды өңірде орындау мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы жергілікті әуежайда орындалатын рейстер санын ұлғайтып, қызмет сапасына жете мән беруді тапсырды.


«Өздеріңіз білесіздер, «Болат Өтемұратов қоры" «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалын салуда. Құрылыс жұмыстарын жоспарланған мерзімнен 4 ай бұрын, яғни 2024 жылдың мамыр айында аяқтау көзделген. Қызылорда қаласы әкімдігіне әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын жеткізу және аумағын абаттандыру жүктелген. Бұл жұмыстарды мерзімінде аяқтауды қатаң тапсырамын», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, Қызылорда қаласының «Қорқыт Ата» әуежайы арқылы 2023 жылдың 22 мамырынан бастап аптасына 24 тұрақты рейс орындалуда. Оның ішінде Астана қаласына 12, Алматыға 12 рейс қатынайды.

Осыған байланысты, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жазғы мезгілде облыс халқының сұранысына қарай әуе рейстерінің санын көбейту бағытында жұмыстар жүргізу тапсырылды. «Ашық аспан» режиміне қосылу арқылы бәсекелестік орта қалыптастыру үшін шетелдік компанияларды тарту және чартерлік рейстерді көбейту мүмкіндігін қарастыру керек.

Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін сақтауда «Қорқыт Ата» əуежайына жақын орналасқан тұрғын үйлер (саяжай) және ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелеріне қатысты мәселе біраздан бері көтеріліп келеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге келсек, Сыр өңірі адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясының (АИТВ) тіркелуі төмен облыстардың қатарында. Әйткенмен оны жұқтырғандардың 1 жыл ішінде 9-ға артуы шұғыл тиісті шаралар қабылдауды қажет етеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы АИТВ инфекциясының алдын алу мен емдеудің кешенді шараларын Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен алгоритмге сәйкес ұйымдастыруы тиіс. Сонымен бірге қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп өңірдегі телеарналардың, баспа БАҚ пен интернет ресурстардың әлеуетін пайдаланып, халық арасында АИТВ инфекциясын жұқтырудың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейту жүктелді.



Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
31 мамыр 2023 ж. 288 0