Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Желтоқсан ызғары

Желтоқсан ызғары

Осындай тақырыпта аудандық мәдениет үйінде Желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен кездесу кеші болды. Кешке оқиға куәгерлері №44 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Байжанова мен кент тұрғыны О.Жаппарбергенова қатысты. Қос куәгер сол жылдары Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орнының студенттері болған. Олар оқиға кезінде алаңға барып жастардың наразылығын көзімен көріп, жаны жаншылған қазақ жастарының жай-күйін жүрегімен сезінген.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің пленумы болды. Пленумда Д.Қонаевты Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығынан босатып, орнына Г.Колбинді сайлады.Пленум шешіміне қазақ жастары бейбіт түрде наразылық білдіріп, алаңға шықты. Жастар шеруі желтоқсан айының 17-18 күндері болды. Оқиға кезінде талай боздақ жапа шегіп, жазықсыз тұтқындалды.

Тәуелсіздіктің таңын атқызуға арқау болған 16 желтоқсан оқиғасынан кейін арада 5 жыл өткенде 1991 жылдың 16 желтоқсан күні қазақ елі өз тәуелсіздігін алды. Тәуелсіздік халықтың басына қонған бақ. Бұл оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіздік Сырым Датұлы, Кенесары, Исатай, Махамбет, Аманкелді Иманұлы,Қайрат Рысқұлбеков сияқты ардақты ұл-қыздарының төгілген қанымен терінің нәтижесінде келген еркіндік.

Оқиға куәгері Ж.Байжанова мен О.Жаппарбергенова естеліктерімен бөлісті. Қазақтың қайсар ұлы мен қызын сол күні алаңда көргенін айтты. Намысшыл ұлттың ұрпағы аяусыз соққыға қарсы тұрып,қаншама қорлық көрседе, жазықсыз айыпталса да мойымағанын айтты. Арада қанша жылдар өтіп, ата-баба аңсаған азаттық таңы атты.

– Көз жасымыз қуаныштан төгілген күнді ұмыту мүмкін емес. Желтоқсан оқиғасы, оның ызғары өң бойымыздан өтті. Жапа шекпесек те, қаншама таныстарымыз, құрбы-құрдастарымыз, өрімдей қазақ жастары құрбан болды. Қайсар рухты жастарымыздың арманы орындалғанына 32 жыл болды. Бүгінгі ұрпағымыз егемен еліміздің болашағы ретінде Жаңа Қазақстанды құруға атсалысуы керек. Тәуелсіздіктің қадірін түсініп, саналы азамат болып, білім мен ғылымды игеруге мүмкіндік мол. Келешегіміз жастардың қолында. Енді мұндай сұмдық болмасын, аспанымыз ашық, бейбіт заман болсын, – дейді ардақты ұстаз Жадыра Байжанова.

Кездесу кеште аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, күмбірлеген күй төгілді.

«ТТ» ақпарат
18 желтоқсан 2023 ж. 229 0