Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аязды күнде абай бол!

Аязды күнде абай бол!

Қыс мезгілі енді ғана күшіне енді. Қарашаның қара суығына тоңбаған тұрғындар желтоқсанның ортасында қыстың бет қаритын суығын сезінуде. Тіпті мектеп оқушылары бірнеше күнге қашықтықтан оқытуға көшті.

Әзір қар түсе қоймағанымен, қара суық өтіп, аяз алқымдап тұр. Осы ретте тұрғындарға бірнеше кеңес ұсынғымыз келеді.

Ең алдымен, көшеге шықпас бұрын кең әрі таза мақтадан тігілген киім киюге тырысу маңызды. Кең киім қанның еркін айналуына жағдай жасаса, синтетика емес, таза мақтадан тігілген киім жылуды ұзақ сақтайды. Одан кейін қатты аязда ұзақ уақыт серуендеуге немесе далада бір орында тұрып қалуға болмайды. Үйге жеткен соң аяқ-қолдың, құлақ пен мұрынның үсіп қалмағанына көз жеткізу керек. Желді әрі суық ауа райында далаға шықпас бұрын дененің ашық бөлігін, яғни бетті, қолды арнайы маймен майлау қажет. Әйтпесе суықтан адам терісі құрғап, жарылып кетуі мүмкін. Ұзақ жүретін болсаңыз, реті келсе, ыстық шай құйылған термосты өзіңізбен бірге алып шыққаныңыз абзал. Және көше бойындағы дәмхана немесе дүкенге кіріп бой жылытып алудан қысылмаңыз. Желді күні үсік алу қаупі жоғары болатынын ескеріңіз. Және қатты тоңған аяқты бір-біріне немесе жерге қатты ұрып, жылытуға тырыспаңыз, бұл қан тамырларына зақым келтіруі мүмкін. Көлік жүргізушілері үшін де жайсыз ауа райында арнайы ережелерді ескерген абзал. Сонымен қатар, ішімдік пен темекі де адам денесін тез тоңазытып, қан айналымын нашарлатады. Сондықтан жаман әдеттен жиреніп, жылы киініп, денсаулығыңызды күтіңіз!
«Тт» ақпарат
Фото: ашық дереккөзден
16 желтоқсан 2023 ж. 187 0