Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Хронобиология: біз неге тіріміз?»

«Хронобиология: біз неге тіріміз?»

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханасында қоғам белсендісі, кәсіпкер, Халықаралық Табиғи уақыт қолдаушылар Альянсының Қазақстандағы өкілі Болат Нұрхожаевтың танымдық, ғылыми-көпшілік кітабының тұсаукесері өтті.

«Хронобиология: біз неге тіріміз?» деп аталатын кітап адамзат өмірі үшін аса маңызды хронобиология ғылымы жайында қазақ тілінде жазылған алғашқы жинақ. Әлеуметтік желіде экологиялық тақырыпты қаузап жүрген Болат Жолтайұлы Қызылорда облысы уақытын қайтару қаулысының қабылдануына үлес қосқан азамат. Ол бүгінде ҚР Уақыт өлшемін түбегейлі реттеу ведомствоаралық жұмыс тобының, сонымен қатар облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, Экология комиссиясының төрағасы, облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің төрағасы, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің, халықаралық Табиғи уақыт қолдаушылар Альянсының Қазақстандағы өкілі. Экология саласына қосқан үлесі үшін Экология министрлігі, Бас прокуратура, облыс, қала әкімі медальдары мен құрмет грамоталарының иегері. 

Құнды кітаптың тұсаукесер рәсіміне Қорқыт ата университетінің ғалымдары, облыстық денсаулық сақтау, білім беру саласының мамандары, қоғам белсенділері қатысты. 

– Туған сәттен бастап біз ғаламдық, яғни табиғи ырғақ әсерімен қалыптасып өмір сүреміз. Сондықтан кездейсоқтық ойыншығы болмас үшін табиғи ырғақпен сәйкестікті сақтауымыз қажет. Мұны түсінуге, білуге бұл кітаптың көмегі зор болады деп санаймын, – дейді Қазақ Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Төлеуханов. 

Табиғи уақыт пен адамның биологиялық ырғағының сәйкестігі, сағаттық белдеулер, уақыт өлшемдері, ұйқы режимі, хроноцид пен десинхроноз сынды мәселені қамтыған кітап мазмұны ой саларлық дүниеге толы. Бұл құнды туындыға ғалымдар жоғары баға берді. Ғылыми кітап «ASU»  баспа үйінен жарық көрген.
16 маусым 2023 ж. 265 0