Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушыларға – су жаңа автобус

Оқушыларға – су жаңа автобус

Қазақ әдебиетінің жауһар туындыларына, атақты тұл­ғалардың ғұмырбаянына көз салсақ, мектеп пен үйдің қашықтығы көрінісі жиі беріледі. Білім ошақ­тарының тапшылығы айқын байқалған бұрынғы кезде қысы-жазы алыстан қатынап оқу үйреншікті жағдай болған.

Қазіргі кезде де білім алуға құштар жасөспірім жол қашықтығы мәселесі­мен бетпе-бет келіп жүрген жайлар бар. Көршілес Шаған ауылының өзінде бұл мәселе күн тәртібінде еді. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Сыр өңіріне жасаған сапары №37 мек­теп-лицейін сүйіншілеп, мектеп әкім­шілігі су жаңа автобустың кілтіне ие болды. Көптен күткен жағымды жаңа­лыққа көпшілік куә болып, мектеп директорларына автобус кілті салтанатты іс-шарада табысталды.

Аймақ басшысы жаңа көлік кіл­тіне ие болған мектеп ұжымдарын құт­тық­тап:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың ма­ңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген тапсырмасы саланы дамыту бағытына батыл қадам қосты. Президент қолдауымен соңғы жылдары еліміздің білім саласында ауқымды реформалар бастау алды. Педагог мәртебесін көтеруде көп жұмыс атқарылды. Оның ішінде Сыр өңірінің білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Біз адами капиталды дамыту және білім саласын жетілдіру мемлекеттің негізгі мін­деттерінің бірі екенін әрдайым айтып­ жүрміз. Бүгін, міне, көптен күткен ақ­жолтай жаңалық – Президенттің балаларды тасымалдауды ұйымдастыру тапсырмасына сәйкес, облысқа бөлін­ген жаңа үлгідегі автобустарды тапсырудамыз. Көп жылдан бері өзекті болған тасымал мәселесі Мемлекет бас­шысының, Үкіметтің пәрменімен оң шешімін тапты. Бұл — көптен күткен қуаныш, – деді.

– Шаған – аумағы жағынан үлкен ауыл. Ауыл іші мөлтек аудандарға бө­­лінеді. Сол мөлтек аудандардың кей­­­бірі мектептен 1,5-2,5 шақырым қа­­шық­тықта орналасқан. №37 мектеп-ли­цейінде 990 оқушы білім алса, алыс мөл­тек ауданнан барлығы 195 оқушы екі ауысымда оқиды. Қыс, көктем мез­гілдерінде қолайсыз ауа райы оқу­шы­ларымыздың сабаққа қатынауын қиын­датады. Бірақ ата-аналар оқушы­ларды сабақтан қалдырмай, барынша жағдай жасайды. Көлік мәселесі ұдайы көтеріліп, біз ұсыныстарымызды жоғарғы тарапқа жолдаған болатынбыз. Осындай тілегімізді аудандық бі­лім бөлімінің басшысына жеткізіп, игі жақсылар мұрындық болып, аймақ бас­шысы Нұрлыбек Машбекұлының қол­­дауымен аймағымызға келген 30 ав­­тобустың кілтінің бірі бізге бұйырды. Бұл шәкірттердің шаттығын еселеді, – дейді мектеп-лицей директоры Ғалия Жаңабаева.

Айта кетейік, бұған дейін Шаған ауылындағы мектеп-лицей оқушыла­рын тасымалдайтын көлік мүлде бол­маған. Ендігі кезекте екі ауысыммен қызмет көрсететін 40 орындық су жаңа автобус СМУ, Есен­темір, Алтыбас, Тоқалөзек мөлтек аудандарында тұратын 195 оқушыны тасымалдайтын болады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
03 мамыр 2023 ж. 527 0