Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірімді болайықшы, бауырлар!

Мейірімді болайықшы, бауырлар!

Философияда «адамнан асқан мейірімді жара­тылыс жоқ» деген ұғым бар. Мұны психология­ ғылымы «адамнан асқан қатыгез жаратылыс жоқ» деп те оқытады. Екеуі де абстрактілі түсінік. Өйткені, өмір біз үшін ортақ тақырып болғанымен, ол тақтайдай тегіс емес. Бірде бұлтты, бірде шуақ­ты. Ал енді бірде адам сенгісіз сәттерге толы.

Өмірде бізге, яғни адамзатқа не жетіспейді? Бұл сұраққа жауап із­демеген саналы адам жоқ шығар. Адам өмірін зерттеумен айналысатын әлемдегі іргелі ғылыми орталық­тар ХХІ ғасырдың басында адамзаттың өмірлік сұраныстарын материал­дық қажеттілікпен байланыстырды. Кейін бұл тұжырым өзгерді. Тіпті жыл са­нап құбылды десек те болады. Құбыл­ғаны соншалық «әлемді сұлу­лық құтқарады» дегендердің таяз ойы сезіммен ұштасып, адамдар ара­сындағы ақылға қонымсыз қа­рым-қатынастар қайғылы жағдай­лармен аяқталды. Содан соң «әлем мейірімге мұқтаж» деген түсінік қа­лыптасты. Бұл түсініктің қалыпта­суына адамның ойына кіріп-шықпай­тын, үш ұйықтаса түсімізге енбейтін, естіп-білгенде сай-сүйегіміз сыр­қы­­­рап, төбе шашымыз тік тұратын жағ­­дайлар себеп болды. Алайда, біз «сол мұқтаж мейірімді кім-кімге бе­реді, қалай береді» дегенге тере­ңірек үңілмейміз. Үңілсек, адамзат баласы ме­­йі­рімге мұқтаждықтан құтылар еді.

Бұл тақырыпта мақала жазып, қолға қалам алуымызға оқушылар арасындағы топтық төбелестердің, әлімжеттіктің, үлкеннің кішіге «са­лық» салып, үстемдік құрғысы келе­тін заңға қайшы іс-әрекеттерінің кө­бе­йіп кетуі себеп болды. Бір қара­ғанда бұл бұрын да болған, қазір де болып жатқан құбылыс секілді. Бірақ қазіргі қарым-қатынас, заң үстемдік құрған демократиялы қоғам бұрын, бүгін деген көзқарастан арылатын кездің келгенін көрсетіп отыр. Бұған өмірден көп мысал келтіруге бола­ды. Өткен аптада облыс тұрғындарын дүр сілкіндіріп, әлеуметтік желіде қо­­ғам­­дық резонанс туғызған Қаза­лы­­дағы жағдайдың өзі жетіп жатыр. Ке­ше көрші ауданда болған ауыр жағ­дай бүгін біздің ауданда бол­ма­сына кім кепіл? Әрине, ешкім кепіл­дік бере алмайды.

Жерде құлап жатқан оқушының басынан тепкілеу, өлімші етіп сабау және бұл оқиғаны ешкімнен қорықпай, заңнан сескенбей, тәртіпке бағынбай бейнежазбаға түсіріп, тарату – нағыз жауыздың қолынан ғана келетін іс. Жауыз деп жай айтып отырмыз. Қатыгез, қанішер, бұзық, тіпті тәлім-тәрбиеден жұрдай тексіз деуге де болады. Ал осынау жағымсыз теңеулерге ие жастар бірімізге бауыр, бірімізге таныс, енді бірімізге жақын туыс болғаны қандай өкінішті. Олар өздеріне ғана емес, ата-аналарына, шыққан тектеріне кір келтіріп, ұят іс, кешірілмес қателік жасады. Оған заң алдында да, ар алдында да жауап берері анық. Қазақ мұндай арам ниетті, ойы бұзықтардың бетіне түкіріп, елден аластатып, көшіріп жіберген. Өйткені қателіктің кешірілетіні, кешірілмейтіні бар. Жүгенсіз, бір сөзбен айтқанда Құдайды ұмытқан жастардың бұл әрекеті ешқандай ақтауға келмейді.

Өмір туралы ойлана қалсақ, Конфуцийдің ой-пікірлері қызық әрі мағыналы екенін түсінеміз. Данышпан бір еңбегінде «мейірім мен махаббат жоқ жерде өмір сүрмеген абзал» деп жазыпты. Конфуцийдің әлгі пікіріндегі «өмір сүрмеген абзал» деген сөз ешкімді ол ортадан кетіп қалуға меңзеп тұрған жоқ. Керісінше, сол ортаны мейірімге қарық қылып, махаббатқа, шапағатқа толтыруға шақырып тұр. Өйткені, дәл осы тұжырымының соңында ұлы ойшыл өз ой-пікірін «мейірімді ортада өмір сүруге ұмтылу – өмірдегі ең үлкен ұмытылыс» деп аяқтайды. Бұдан біз мейірімді болуды өзімізден бастауымыз қажет екенін түсінеміз.

Халқымыздың арғы-бергі тарихында мейірімділік, жанашырлық, қамқор­лық қасиеттерінің алатын орны ерекше екені белгілі. Ата-бабаларымыз сан ғасырдан бері ұстанған Ислам діні де бізді ең алдымен мейірімді болуға шақырады. Ал мейірімнің адам бойына сіңісті болуы отбасындағы тәлім-тәрбиеге, ата-ананың балаға көрсететін үлгі-өнегесіне тікелей байланысты. Баланың қателігіне бірінші кезекте ата-ана жауап беруі қажет. Бұл пікірге «кім баласына жаман болсын» дейді деп пікір айтушылар табылуы мүмкін. Әрине, ешкім «жаман бол» демейді. Бірақ көп ата-ана баласын бақылаусыз қалдырады, тәртібіне мән бермейді, олар үшін уақыт бөл­мейді. Сосын бақылаусыз бала бас­сыз­дыққа барады. Толып, тасынады, өзгені басынады. Сөйтіп жүріп құқық бұзады, қылмысқа ұрынады. Оған өкінеді де. Бірақ бәрі кеш болады. Кеш болмауы үшін әр ата-ана баласы­ның тәрбиесіне бүгіннен, тіпті дәл қазіргі сәттен бастап мән беруі керек.

Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өлеңі бар. Қандай тамаша сөз, орнықты ой. Егер біз, адамзаттың бәрін сүйіп, бәріне мейіріммен, сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен қарай алсақ, онда бүгініміз шуақты, ертеңіміз нұрлы болады. Шуақ пен нұр жанымызға жақсылық ұялату үшін өзіміз мейірімді болайық. Ал дөрекі сөз, ғайбат, өті­рік, қатыгездік өмірімізді астан-кестен етеді. Сол үшін де жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, барынша көркем мінез танытуға тиістіміз. Баламыз көркем мінезді болуы үшін өзіміз көркем мінезді болуымыз қажет. Сонда ғана жастар арасындағы топтық төбелестер, әлімжеттік, үлкеннің кішіге «салық» салып, үстемдік құрғы­сы келетін заңға қайшы іс-әрекеттері азаяды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: ашық дереккөзден
11 сәуір 2023 ж. 463 0