Сырдария өзенінде мұз толықтай жүріп өтті
Бүгінде Сырдария өзенінде толығымен мұз жүріп өтті. Осыған сәйкес, аймақтағы елдімекендерді су басу қаупі сейілді. Қазіргі таңда Шардара су қоймасына 4994 млн.текше метр, Көксарай су реттегішіне 1865,58 млн.текше метр су жинақталған. Тиісінше Шардара су қоймасына секундына 505,3 текше метр су түсіп, Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 600 текше метр су жіберілуде. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Абуов хабарлады.
Оның айтуынша, Көктөбе су бекеті арқылы Сырдария өзенімен секундына 789 текше метр су өтіп, Қызылорда су торабынан секундына 607 текше метр су жіберілуде.
-Қазіргі уақытта Әйтек су торабынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберілген судың көлемі - 555 текше метр. Ал Қазалы су торабына дейінгі каналдармен алынып жатқан судың көлемі - 45 текше метр болып отыр. Сондай-ақ, Ақлақ су торабы арқылы Солтүстік Арал теңізіне секундына - - 261 текше метр су түсуде. Жалпы жыл басынан бері Арал теңізіне - 1078 млн.текше су келді. Осының әсерінен теңіз деңгейі көтеріліп келеді. Қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі мұздың өтуіне байланысты ешқандай қауіп жоқ, - деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Абуов.
Қазіргі таңда Сырдария өзені толық мұздан тазаруына байланысты су тораптары арқылы мол суды өткізуге ешқандай кедергі жоқ. Алайда, су тораптарының қауіпсіздігі мен бірқалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда су торабына дейінгі каналдармен су алу жоспарлануда.
-Наурыз айының 10-13 аралығында Арал ауданы аумағынан толық мұз жүріп өтті. Осы мұз жүру кезеңінде облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязов және тиісті сала мамандарымен бірге күн сайын су деңгейіне бақылау жүргізіп отырдық. Бүгінгі таңдағы басты міндетіміз – соңғы үш айда Шардара су қоймасына жиналған мол суды алып қалып, Кіші Арал теңізіне жіберу. Сонымен қатар егін науқаны кезіндегі су тапшылығының алдын алу үшін су қоймаларында жиналған мол суды тиімді пайдалануымыз керек. Оны алда өтетін үйлестіру комиссиясымен бірлесіп жүйелейтін боламыз, - деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Өңірлік коммуникациялар қызметі