Биылдан бастап талапкерлер математика-информатиканы тапсырады
Биылдан бастап талапкерлер математика-информатиканы тапсыра алады. Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға осындай комбинацияны енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев айтты.
Ол биылғы ҰБТ-ның басты жаңалығына тоқталып өтті.Биыл сұрақтардың сапасын жақсарту мақсатында жауап нұсқаларының саны азайтылды. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалардың саны 5-тен 4-ке дейін, ал бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында, әсіресе бейінді пәндерде 8-ден 6-ға дейін азайтып отырмыз, - деді Руслан Емелбаев.
Бұған дейін талапкерлер математика-физика комбинациясын тапсырып келген.ҰБТ-ның биылғы бұрын-соңды тарихында болмаған ең басты жаңалығы – жаңа пән комбинациясының енгізілуі. Бұл – информатика пәні «математика-информатика» комбинациясы бойынша. Ақпараттық технология, ақпараттық қауіпсіздік және информатика пәні мұғалімдерін даярлау бағыты бойынша талапкерлер енді 2023 жылдан бастап математика-информатика комбинациясын тапсырады, - деді орталық директоры.
Математика-физика комбинациясының биыл енгізілуіне байланысты оқу жылының басында информатикаға қатысты 84 терминді 3 тілде, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияладық. Себебі информатиканы тапсыру кезінде терминдерді білу өте маңызды, - деп түсіндірді орталық директоры брифингте.