Нұрсұлтан Назарбаев Наурызға арналған мюзиклді тамашалады
Астанадағы Конгресс орталығында Наурыз мейрамына арналған "Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел" атты жаңа мюзикл қойылды. Мерекелік шараны ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады, - деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мюзиклдің негізгі мақсаты - мифология арқылы Наурыз мейрамының мән-маңызын жаңа қырынан көрсету, ұлттық құндылықтарды тың жанрмен жеткізу. Сценарийге сәйкес, Наурыз есімді жас жігіт Аязбике, Жезтырнақ сияқты жағымсыз кейіпкерлермен күресіп, көктемнің жаршысы - Қарлығаш деген сұлу қызды құтқарады. Жолға шығардың алдында дана қария оған өз батасын беріп: "Наурыз, сен маңдайынан күн сүйіп, тағдырдың таңдауы түскен ерекше баласын. Саған үлкен міндет жүктелді. Зұлым күштер адамнан тартып алған ең құнды қасиеттерді қайтаруың керек. Жан мен тәнді мұз құрсауынан босатар - жылулық. Қапас қараңғылықты жеңетін - нұр сәулесі. Тас жүректі жібітетін - маxаббат сезімі. Қорғансыздықтан сақтайтын - сабырлық, арамдықтан құтқаратын - адалдық сынды қасиеттер, балам!", - деп сиқырлы қауырсынды тапсырады. Осыдан кейін бас кейіпкер - Наурыз барлық жағымсыз кейіпкерлерді жеңіп, мақсатына жетеді. Жер-жаһанға күн сәулесін түсіріп, зұлымдық пен жамандық күштерін жеңеді. Өмірдің философиясын түсінеді. Дана қарияға қайтып келгенде Наурыз жігіт өмірдің мәнін түсінгенін айтады. "Мен барлық қиындықтарды еңсеріп, бақ-береке мен бақыттың құпиясын таптым. Ол - xалықтың бірлігі, бейбітшілік пен тыныштық, ата-бабалардың өсиетіне адалдық", - дейді Наурыз.
Айта кеткен жөн, мюзиклға опера, балет, цирк, эстрада мен танымал би ұжымдары қатысты. Ұйымдастырушылар бұның барлығын классикалық және дәстүрлі музыкамен, графика мен компьютерлік теxнологиямен шебер көрсете білді.