Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада филармония жанынан жаңа қосымша ғимарат салынды

Қызылордада филармония жанынан жаңа қосымша ғимарат салынды

Қызылорда облысында мәдениет саласы бойынша 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында 22 жоба іске асырылды. Бұл туралы коммуникациялық қызмет орталығында өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова айтты.
Мәдениет саласы өкілдерінің тілшілермен кездесуінде облыстық филармония жанынан салынған қосымша ғимарат жайлы да айтылды.

- Жаңа ғимаратта дайындық залы, тігін цехы, асхана және киім қоймасы орналасқан. Кең, ең бастысы жарық, әртістердің шығармашылықпен айналысуына қолайлы. Биыл карантиндік талаптарды сақтай отыра жаңа маусым 11 қаңтарда басталды,- деді облыстық филармония директоры Талғат Мақашов.

Жыл басынан бері филармония 10 шара өткізіп, оған 700-ден аса көрермен қатысты. Бұған қоса, гастрольдік сапарлар жайлы өзге концерттік ұйымдармен шығармашылық келісім жасауда.

Ал өткен жылы ұйымдастырылған 178 шараның басым бөлігі пандемияға байланысты онлайн форматта болды. Облыста тұңғыш рет Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай» операсы сахналанды. Былтырғы жылғы тағы бір жаңалық – филармония жанынан қобызшылар ансамблі құрылды. Классикалық орындаушы Сымбат Тасбергенова КСРО халық артисі Н.Тілендиевтің 95 жылдығына арналған «Әлқисса» фестивалінен, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің мүшесі, домбырашы Алмас Әлжанов М.Сыдықовтың 80 жасқа толуына арналған «Домбыра-жүрек жырлайды» атты республикалық онлайн-күйшілер конкурсынан жүлделі орындарды иеленді.



31 қаңтар 2021 ж. 456 0