«Тыныштық» және «Сайлау» күндері БАҚ-қа арналған ұсынымдар жарияланды
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сайтында «Тыныштық күні» және «Сайлау күні» үшін БАҚ-ға арналған ұсынымдар жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тыйым салынады
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес сайлау күні және оның қарсаңындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады.
Саяси партиялар, партиялық тізімдерге кіретін кандидаттар, олардың сенім білдірген адамдары және сайлау алдындағы штабтардың жұмысы туралы қандай да бір бейнерепортаждар, мақалалар, роликтер орналастыруға тыйым салынады.
Алайда, бұл саяси партиялар мен кандидаттар туралы ақпараттық, талдау және көрнекі үгіт материалдарын тікелей көбейтуге ғана қатысты емес. Бейнесюжеттер мен мақалаларда саяси партиялардың үгіт баннерлері, плакаттары мен парақшалары бейнеленген кадрлардың пайда болуын болдырмау маңызды.
Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.
Дауыс беру күнінен бес күн бұрын қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін және сайлауға байланысты басқа да зерттеулерді жариялауға тыйым салынады.
Интернет-ресурстардың бұрын орналастырылған материалдары бойынша түсініктеме беру функциясын жабу не белгілі бір саяси партияға дауыс беру туралы үндеулермен пікірлердің пайда болуына жол бермеу үшін тұрақты модерацияны жүзеге асырған жөн.
«Сайлау күні» дауыс беру бюллетеньдерін орналастыруға тыйым салынады.
Рұқсат етіледі
Саяси партиялардан кандидаттардың кәсіби қызметіне қатысты материалдарды олардың партияға қатыстылығын көрсетпей жариялауға рұқсат етіледі.
Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін. Алайда, сайлаушылардың қалауы туралы бұрын жүргізілген сауалнамаларды қайта басып шығару және еске түсіру мүмкін емес.
Сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің және т.б. пікірлері мен сұхбаттары Саяси партиялар мен кандидаттар туралы айтпастан, сайлаудың рөлі мен жалпы дауыс берудің маңыздылығы туралы жалпы пікірді ғана қамтуы мүмкін.
Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрын ілінген баспа үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін.
Ұлттық байқаушылардың дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі келтірмей, фото -, аудио - және бейнежазбалар жасауға құқығы бар. Фото -, аудио-және бейнежазба, сол сияқты байқаудың өзі дербес деректердің, оның ішінде сайлаушылар тізімінің, толтырылған бюллетеньдердің және т. б. құпиялылығы сақталатындай етіп жүзеге асырылуға тиіс. Фото - және бейнежазба дауыс беру құпиясын және сайлаушылардың дербес деректерін қорғау ескеріле отырып қана жүргізілуге тиіс және азаматтардың бейнесін олардың келісімін алғаннан кейін пайдалануға болады.
Сайлау барысын жариялауға және таратуға тек бұқаралық ақпарат құралдары ғана құқылы.