Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жоғалып бара жатқан 129 мамандық анықталды

Жоғалып бара жатқан 129 мамандық анықталды

"Жаңа кәсіптер атласы" жаңа 239, трансформацияланатын 95 және жоғалып бара жатқан 129 мамандықты анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы экономиканың негізгі 9 саласын қамтитынын, жаңа, трансформацияланатын, сондай-ақ жойылып бара жатқан кәсіптер мен құзыреттерді біріктіретінін хабарлайды. Бұл азаматтарға мамандықты дұрыс таңдауға, оқу жоспарларын өзектендіруде кәсіби бағдар беруге көмектеседі.

Еңбек нарығында сұранысқа ие "жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы" жобасын іске асыру үшін былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі және "Еуразиялық топ" ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атластың негізгі мақсаты – қазіргі мамандықтарды талдау, өзгеріп және жойылып бара жатқан мамандықтарды ескере отырып, өзекті болатын немесе таяудағы онжылдықта пайда болатын еңбек нарығының болашақ трендтерін, мамандықтар мен дағдыларды айқындау.

"Еңбек министрлігі Дүниежүзілік банктің "Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру" жобасы шеңберінде 8 саланы (мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, құрылыс салалары) қамтыды. Ал тау-кен-металлургия саласын зерттеуді "Еуразиялық Топ" ЖШС өз бетінше жүзеге асырды.
Атласты әзірлеу әдістемесі халықаралық тәжірибеге және экономика салаларын дамытудың әлемдік трендтеріне негізделген.

Ол салалық сарапшылар ретінде өндіріс, мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар өкілдерінің қатысуымен рапид форсайт (rapid foresight) технологиясы бойынша пәндік терең зерделеумен болжамды сессиялар өткізуді қамтыды", делінген министрліктің хабарламасында. Ауқымды зерттеулердің қорытындысы бойынша жаңа 239, трансформацияланатын 95 және жоғалып бара жатқан 129 мамандық анықталған.

Атласта айқындалған жаңа мамандықтар болашақта жаңа технологиялардың енгізілуіне сәйкес қандай құзыреттер мен қызметкерлер сұранысқа ие болатынын түсінуге мүмкіндік береді. Атластың нәтижесін ыңғайлы пайдалану үшін "Электрондық еңбек биржасы" порталының интерактивті ішкі модулінде электрондық сілтеме, сондай-ақ IOS және ANDROID платформаларына арналған Атластың мобильді қосымшасы әзірленген.


03 желтоқсан 2020 ж. 439 0