Құнды қолжазба табылды
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкерлері Абай облысына ғылыми экспедициямен барды. Семейде экспедицияға қатысушылар бірнеше тарихи жерлерді аралады,деп хабарлайды Еgemen.kz.
Жергілікті мешіттен XIX–XX ғасырдағы мыңдаған сирек құнды қолжазба табылып, оның 27-сі орталыққа табысталды. Кітаптар қатарында Абдулла Румидің «Ескі түркі тілі» кітабы, «Қырық хадис» тәржімасы, Кеңес одағындағы барлық мұсылманға мүджрах, төте жазудағы өлеңдер мен тағы да басқа мұралар бар.
Экспедиция мүшелері ғалым-тарихшы Амантай Исаұлының жеке ғылыми кітапханасымен танысып, ғалымның қолынан 15 қолжазба мен сирек кітаптарды Ұлттық орталық қорына алды. Оның ішінде 1888 жылы жарық көрген «Ғылым халы» мен 1891 жылы басылған «Тәржіма ғин әл ғалам» кітаптары, ХХ ғасырдың бас шенінде Қазан, Орынбор, Уфа қалаларынан шыққан сирек кітаптар бар.
«Осы мешітте табылған сирек кітаптар мен қолжазбалардың мол қоры – өңір тарихының ажырамас бөлігі ретінде бабаларымыздың баға жетпес мұрасы. Оны сақтап қалу – өте маңызды», деді Реставрация және консервация бөлімінің басшысы Сырым Ботабеков.
Аталған іссапар ел аумағында бар қазіргі таңдағы қожазба мен сирек кітаптардың ортақ тізімін жасап, оларды мемлекеттік реестрге алуды мақсат етеді.
Алдағы уақытта аталған құнды жазбаларды зерттеу және реставрациялау жұмыстары жүргізіледі.