Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Тиек

Жаз жайлауымыз «Қыздың шұбарында, Қарағайлы құдықта бес-алты отар ұйлыға жайлап отыр­мыз. Тамыз айы апта бұрын нөсер­летіп жауын жауған. Раң қаулап, қайта көктеген ебелек төңкерілген кеседей. Құдық басындағы қозы қырқым пунктінің тірлігінің қызған шағы. Сарысудың бір саласы Күбілісайдан құлаған су Қаракөлдің шөлін қандырып, арнасынан асып-тасып жатыр. Сай салада бөлініп қалған қара суға тоғытылып, кірінен тазарған қозының алғашқы күземін алған шопандар одан әрі өріс ұзатып жонға қоныс аударады.

Бар қызық күн батып, қырқым тоқтағасын басталады. Жастардың жүрген жері күнде думан, күнде той емес пе. Қырқымға жегілген ферманың жастары бір мезгіл ойын-сауық құрады. Ән шырқалып, күй тартылып дала дүбірге бөленеді. Біз сияқты ойын баласына бәрі қызық. Жасым жетіге толған менің бұл дүрмекке ілесуім ұзаққа созылмады. Мектеп жасына жеткен жасөспірімнің дайындығы ерте басталады екен. Әуелі сүндетке отырып жігіт атануың керек екен. Ауыл молдасының қолы ауырлау болды ма екі аптадай жатып қалдым. Қойлы ауылдың тірлігі таусылған ба, бәрі қым-қуат тірлік үстінде. Нағыз тіршілік қызған кезде төсекке таңылып торға түскен түз тағысындай үй бағудан асқан ойын баласы үшін азап болмас, сірә.

Түс ауа қой қосақталып, қой сауу басталған шақта көршім Жұмабай жетеді. Рулас атамыз Әлжан атамыз бен Нәзира шешеміздің балалары шетінен өнерлі. Менімен жасты Жұмабайдың өнері тіпті ерек. Өзінен ұзын домбырасын сүйрей келіп жаныма келіп күй тартады, ән салады, мені зеріктірмейді. Радиодан күй бере қойса ілесе тартып іліктіре түседі. Талантына тәнті болған мен жастықтың астына қол жүгіртіп досымның қолына «сарықұлақ» бір сомдықты ұстата салам.

Қойшылар заттай берілетін еңбек күнінің орнына ақшалай еңбекақы төленіп, жағдай түзеліп қалған кез. Даланың кең қолтық адамдары жомарттық танытып менің сүндеттелуіме орай тарлық қылмай едәуір ақша жиналып қалған. Әсілі өнер адамды ерте есейтеді. Жеті жасында-ақ он шақты күй тартатын досымның күй тартысы бөлек еді. Сөзі де өзгеше, мақалдап, жырауларша екі иығын қомдап алып термелете жөнелгенде үйге қамалып жатқаныңды ұмытып, жаның жадырап сала береді. Күй тартқанда жұрт сияқты сабалап, төгіп тартпайды. Қос ішекті іліп, шертіп тартқанда сыңсыған мақпал әуез жүрек қылыңды шертіп, арқаңнан құмырсқа жорғалап жүргендей, мұңлы әуен иіріміне тартып еліктіре түседі. Сол қолымен домбыра пернелерінің үстіне нығыздай тербегенде ыңырси шыққан дызылдаған сазды әуезге елтіп өң мен түстің арасында жатқан мен досымның қашан кеткенін де білмей қалам.

Мен сол жылы ауыл мектебінде сауатымды ашып, келесі жылынан бастап қала мектебіне ­ауысып кеттім. Жылдар жылжып өтіп жатты. Досым сегізіншіні бітірісімен әке-шешесінің жанында қойлы ауылда қалып қойды. Студент атанып бірінші курс бітірген соң екі ай құрылыс отрядында болып, демалысқа шығып жайлауға демалысқа келгем. Күзгі қой күземінің қызған шағы екен. Қырқым пунктінің басы әдеттегідей қайнаған тірлік. Ауыл мектебінің жоғарғы сынып оқушылары, совхоз-техникумының болашақ мал шаруашылығы мамандығын меңгеріп жатқан студенттердің бәрі осында. Біздің бала кезіміздегідей емес, қой электр қырқым аппаратымен қырқылады. Шамы жарқырап, магнитофоннан төгілген шетелдік әуенге ырғала билеген жастардың кеші көңілді. Баяғы өнерлі досым бұл жердің де құрметтісіне айналып үлгеріпті. Баяғының сал-серісінен айырмашылығы иықта гитара, бұйралана төгілген қалың шашы иығын жапқан шетел әншілеріне ұқсаған досымның сөзі де, өзі де өзгерген. Шетелдік қымбат темекісін ­шиырып жіберіп, гитарасын шертіп тартып ортаға шығып ән салды. Жастардың сұрауы бойынша іле ойнақы әнді бастауы сол-ақ екен, табаны қызған жастар билей жөнелді.

Арасында тамағы қарлыға ма, әлде басқадай себебі бар ма, білмеймін қызыл шараппен тамақ жібітіп алып қайта шырқай жөнеледі. Қарлығыңқы қоңыр дауысты досымның әндерінде әлде бір мұң бары анық байқалып тұрды. Жетекшілерінің айтуымен думан тарқап жастар тарай бастады. Мотор өшіп, жарық сөніп, мақпал түн мүлгіген тыныштыққа орана, атқа қонып ауылға бет түзедік. Қалған шарапты ат үстінде бөліп ішіп, баяу аяңмен жұлдыздар жерге жақындап қалған тынық түнде әңгімелесіп келеміз. Арада көріспеген жылдардағы басынан өткен күндері жайлы досымның әңгімесі көп жылдардан кейін қайта жаңғырып бүгін қағаз бетіне түсіп отыр.

– Мектептегі оқуым онша бола қойған жоқ. Қойшының баласының оқуы оңа қоюы оңай шаруа емес. Аптасына төрт күн оқисың ба, оқымайсың ба, бір күн демалысқа әке-шешең екі күн қосып, өлгенде тынатын қойдың шаруасына жегеді. Сол төрт күннің өзінде ата-анаңды сағынып өліп қала жаздайсың.

Есіл дерті дала болған баланың басына қайбір ілім қона қойсын. Интернатқа жіпсіз байлағаны, аптасына үш рет болатын домбыра үйірмесі, обалы не керек, жетекшімнің мен дегенде ықыласы ерекше болды. Төртінші оқып жүргенде елуден аса күй тарта білетінмін. Тіпті өзім де екі-үш күй шығарып үлгергем. Бесіншіге өткеннен бастап бас ауруы жабысты. Төрт-бес күн бойы басым көтертпей жатып қалатынды шығардым. Запыран тастап барып жаным жай табатын.

Анам «тіл көзден» деп апармаған емші, балгерлері қалмады. Анам әу бастан домбыра тартуыма қарсы болды. Ауылда Тыныштық дейтін күз, көктемде дерті асқынатын жігіт бар еді. Не үй жоқ, күй жоқ. Ұстазымның беделінің арқасында ғана, домбыраны тастамай, анама ырық бермей жүрдім.

Аудандық байқау болатын болып соған екі күй дайындағам. Бірі әкемнің көрші шопанмен ат жарыс­тырып қалып қойған торы атына арнап шығарған өз күйім, екіншісі Құрманғазының «Адайы» еді. Күй деген күйшінің ішкі қуатының көрінісі ғой. Күйді түйсіне алатын, ішкі қуаты асып-тасыған күйші күй тартқан кезде сыртқы әлемнен ажырап қалады. Ондай кезде жан-жағыңдағы жайды бағдарлай алмай қалады екенсің. Бірінші күйді жақсы орындап болып, екінші күйді де ойдағыдай орындап отырғам. Күйдің шарықтау шегіне жетіп сол қолым домбыраның пернелерін төмен қарай бойлап, тасырлай қалың нөпір шапқан аттың дүбіріне өзім де қосылып кеткендей болып домбыраны сабалай жөнелгем.

Кенет күй кілт үзілді. Домбыраның тиегі ұшып барып, аяғымның астына түсті. Жалма-жан қай­та тартпақ болып жерде жатқан тиекті жерден­ көтеріп алғанда өз көзіме өзім сенбей жылап­ жіберіппін. Қанша уақыттан бері домбыраммен бірге түкірігімен шанаққа жабысып, кірлеп қоңырқай тартқан тиегімнің екі жағы қырылып, жіңішкеріп қалыпты. Өткір бәкімен сыдырылып, жұқарған тиек серпи тартқан тартысқа шыдас бермей ұшып түскен. Бәленің қайдан келгені өзіме аян. Содан кейін сахнаға шығып күй тартуды бір жола қойып кеттім. Анда санда жиын тойда әу деп ән салғанда шерткенім болмаса қолға ала бермеймін. Сөйтіп жаным қалаған өнерден ұшынғам, – деп әңгімесін аяқтады.

Әңгімемен ауылдың үстінен түсіп ит үргізіп келіп қалғанымызды да байқамаппыз. Жаздың қысқа түнінің шымылдығы түріліп шығыстан тағы бір күннің атып келе жатқан хабаршысы таң шапағы көріне бастаған еді. Біз де қанында бар киелі өнердің тиекпен бірге ұшып кетпеуін тілеп, жалғасын табарына сеніп, досымызбен хош айтысып тарастық.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
өлкетанушы,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
14 қараша 2023 ж. 237 0