Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи фотодағы кімдер?

Тарихи фотодағы кімдер?

Мына ұсынылып отырған сурет көзіқарақты қауымға жақсы таныс деп ойлаймыз. 1918 жылы сәуір айында Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсековтердің Шәуешек қаласындағы сапары кезінде түсірілген. Бұл бейнені тарихқа таңбалаған – әуесқой фотограф Мұхаметжан Юсупов.

Бұл фото туралы кезінде айтылды, жазылды... Бірақ мұндағы адамдардың кімдер екені жөнінде толық ақпар әлі күнге дейін жоқ. Десе де, бұл тұлғалар туралы деректі білетін адам бар екен. Ол Алматы қаласының тұрғыны – жасы 94-ке шыққан кейуана Іңкәр Бапина апамыз.

Бұл кісі жоғарыдағы фотосуретші Мұхаметжан Юсуповтың туған қызы. Апамыздың айтуына қарағанда, әкесі Мұхаметжан Әбдікәрімұлы 1896 жылы Шәуешек қаласында туыпты. 1955 жылы Қазақстанға көшіп келіп, 1975 жылы Фрунзе (Бішкек) қаласында дүниеден өтіпті.

Апамыздың қолында сақталған бұл фотоның сыртына Мұхаметжан фотограф өз қолымен былай деп жазыпты: «Үшбу рәсім 1918 жылы апрельдің ақырында Шәуешекте түсірілген. Артқы жақта түрегеп тұрғандар (сол жақтан): 1. Хасен балуан, 2. Ысқақ балуан, 3.Рахымжан, 4. Хасенжан, 5. Нияз Ысқақ, 6. Ғариф Борнаш, мұғалім, 7. Ғафиз Оразалин, 8, 9, 10 жазылмаған, 11. Қабыш Сейфуллин, 12. Зейнун Сейфуллин, 13. Мұхаметжан Юсупов (аппаратын дайындап қойып өзі жүгіріп келіп тұра қалған), шетте отырған ақын Әсет Найманбаев. Бұл қатарда атақты Қанағат болыс Сүлейменұлы отыр. Бірақ бұл кісінің бетін ақын Нияз Ысқақ ұстап тұрған ақ парақ жауып қалған.
 
СУРЕТТЕ: Орындықта отырғандар (солдан): 1. Үржарлық судья Садық Аман­жолов, 2. Міржақып Дулатұлы, 3. Ахмет Байтұрсынұлы, 4. Райымжан Мәрсеков.

Алда отырғандар (солдан): 1..., 2. Ғани қари, 3. Ибрахим Құлмаханбетов, 4. Сабыржан Хамиди, 5. Наубайшы Сербосын. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
14 қазан 2023 ж. 99 0