Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қожановтың Қызылордасы

Қожановтың Қызылордасы

Қызылорда абыр-сабыр. Жақында өтетін кезекті қала күніне дайындық қауырт. Бірақ өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Ақмешітті астана еткен Қожановтың еңбегін еске түсіретін ештеңе жасалып жатпағандығы көңілге қаяу түсіреді. Биыл туғанына 120 жыл толып отырған қайраткердің дария жағасындағы шағын шаһарды ел байтағы еткен еңбегін не ұмыттық?!

«Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес,   қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек!»

Ел орталығын орыс қаласы Орынбордан қазақ шаһары Қызылордаға көшіру айналасында тартыс-талас өршіп тұрған сәтте Алаш ардағы Сұлтанбек Қожанов осындай пікір айтқан екен.  

АҚМЕШІТТІ АСТАНА ЕТКЕН ҚОЖАНОВ
  
Кеңестік Қазақстанның тұнғыш астанасы Орынбор қаласы  болған тарихтан белгілі. Ұлт мәселесін ұдайы талқылап отырған билік Бүкілресейлік жұмысшы-шаруа қызылармия депутаттарының ХІІ сьезінде республиканың орталық қаласын қазақ жерінің ішкі аймақтарына ауыстыру мәселесін көтерген-ді. Астананы анықтау жөнінде құрылған арнаулы комиссия Қазақ Автономиялы Кеңестік Республикасының астанасы болуға лайық қалалар қатарында Ақмола, Әулиеата, Шымкент, Ақтөбе, Ақмешіт қалалары аталды. Бірінші Сырдария губерниялық партия конференциясында Қазақстанның астанасы ұлттың ежелгі қонысы - Ташкент қаласы болсын деген ұсыныстар да делегаттар тарапынан көп айтылды. Осының бәріне қарамастан, 1924 жылғы 27 қарашада Қазобкомның, ал 1925 жылғы 19 ақпанда Қазөлкекомның жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі лауазым) болып тағайындалған Сұлтанбек Қожанов  астананы Ақмешітке көшіру ниетінен айнымады. Ол Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған уақытында – 1922 жылғы 12 сәуірде арнайы қаулы шығарып, өзі тарихи атауын қайтарып берген Ақмешіт қаласын ел кіндігі етуге күш салды. “Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қамына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын”, – деп жазды. Ол өз заманы үшін ең тиімді көрінген осы ойларын мәжіліс мінбелерінен сөйлеген сөздерінде де, баспасөз беттерінде де қайта-қайта қозғады.

Сұлтанбектің бұл пікірі қылп еткенді қағып түсер тар заман қалыбына сыймас үлкен ерлік еді.  Астана Ақмешітке ауысты. Сыр жағалауында бой көтерген қала осылайша Қазақ елінің астанасы атанды.

Астананы Сыр бойына көшірудің тарихи негізі де болды. Ежелден  қазақ ұлты үшін Сарысу мен Шу өзендерінің атырабы, Сырдарияның орта және төменгі ағасы бойы ата қоныс, өркениет ошағы болып келген-ді. Ортағасырлардағы оғыз мемлекетінің астанасы – Жанкент, Ақ Орда мемлекетінің орталығы Сығанақ та осы өлкеде орын тепкен. Жібек жолы бойымен жүріп өтетін трансұлттық сауда керуен жолдары да Сырдың бойында тоғысатын. Әрі қарай сауда керуендері Ақмешіт маңынан Торғай, Орал, Ембі өзендері арқылы теріскей-батысқа жол тартса, келесі тармағы Тобыл мен Ертісті бойлай теріскейге, Шу бойымен Балқаш көлін басып шығыс бағытта қарай өтетін. Ең басты себеп – тарихтың көне парақтарында таңбаланған Ақмешіт қазақылықтың қаймағы бұзылмаған құт мекен еді.

ҚАЙТА ҚАЗАҚ АТАНДЫҚ

Қызылорда тарихын зерттеушілер арасында бұл күндері бақилық болған белгілі ғалым Мәди Кереевті  бөле-жара айтуға тиіспіз. Екі ғасырлық тарихы бар көне шаһардың әр кезеңін жүйелеп, ғылыми айналымға түсірген ғалым еңбегі қала тарихына қызығушылық танытқандар үшін түрлі деректерімен құнды. Мақала бар ғұмырын қала тарихын түгендеуге арнаған ғалым деректерінің негізінде жазылып отыр.   
1925 жылғы 15-19 сәуір аралығында Қазақ кеңестерінің V съезі болып өтті. Оған төрағалық еткен Сұлтанбек Қожанұлы күн тәртібіне екі мәселе енгізеді.  біріншіден, делегаттардың бірауызды шешімімен ұлтымыздың “қазақ” деген тарихи атауы қайтарылды. Осылайша отаршылар тарапынан қырғыз атанып ұлт қайтдан қазақ атанды. Осы съезде Ақмешіт қаласының аты  Қызылорда болып өзгертілді.

Жаңа астананың жер жағдайы жан-жақты зерттелді.  Қаланың архитектуралық жоспарын жасау үшін білікті архитектор И.В.Рянгин шақырылды. Білікті маман жасаған қала халқының  алдағы 40 жылғы өсу болжамы қазіргі нақты мәліметтермен сәйкес келіп тұр.

Комиссияның техникалық жағын қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхаметжан Тынышпаев басқарды. Шаһардың орталық бөлігін суландыру үшін қазылған Сарқырама каналы құрылысына жетекшілік еткен оның қазақ тарихына қатысты да құнды мұра қалдырғанын айта кеткеніміз орынды болар. Алып арна Алаш қайраткерінен қалған бір белгі ретінде күні бүгінге дейін қаланы қақ жара сарқырай ағып жатыр.

Қызылорда атты қаланың жаңа атауы бүкіл жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Қызылорда уездік қалалық Советі атқару комитеті осы тұрғыда жаңа қаулы шығарып та үлгерді. Бұл қаулыға сәйкес барлық мемлекеттік коорперативтік және тағы басқа ұйымдар, өндіріс орындарын, мекемелер басқа ұйымдар, бір ай мерзім ішінде барлық штамптар мен мөрлерін ауыстыруға міндеттелді.

Алғашқы жаңалықтардың қатарында әуе қатынасы мен байланыс жүйесі іске қосылды. 1926 жылы  маусым айында аспанға тұңғыш рет Қызылорданың құмды алаңынан ПО-ұшағы көтеріліп Мәскеу қаласына бет алды. Бұл ұшақ Қазақ Республикасының астанасы Қызылордадан Мәскеуге әуе жолын ашты.  

1925-1926 жылдары білім беру институты, кеңес-партия мектебі, меди­цина, қаржы, көлік-механикалық, геоботаникалық сала мамандарын дайындайтын техникумдар ашылды. Тұңғыш театрмен қатар «Еңбекші қазақ». «Советская степь» республикалық басылымдары шыға бастады. 

АСТАНА АЛМАТЫҒА НЕГЕ КӨШТІ?

Әрине, Мәскеуді Қазақстандағы мұндай ұлттық серпіліс пен сілкініс дереу елең еткізді. Мұртты көсем алашшылдарды ауыздықтауға әккі де қатыгез басшы Филипп Исаевич Голощекинді аттандырды. 1925 жылдың күзінде республикаға басшы болып келген ол өзіне ә дегеннен ұнамаған Қызылорданың ойран-ботқасын шығарып, елге сыйлы қазақ қайраткерлерінің, оның ішінде Сұлтанбек Қожанұлының да соңына шырақ алып түсті. Оның түпкі мақсаты – Сұлтанбекті орталықтың қарауына жөнелту арқылы қазақ қоғамындағы “ұлтшылдық” тенденциясын тұншықтырып, содан соң өзіне бағынышты өлкеде ойындағыдай ойран салу еді. Жер-жердегі білікті кадрлардан «құтылу» үшін Мәскеуге қызметке жіберу тәжірибесінен хабардар Қожанов бұл әрекетке қарсы табан тіреп, қасарысып бақты. 1924 жылы сөйлеген сөздерінің бірінде ол: “Неге екенін қайдам, жолдастарымыздың көбі түптің-түбінде жұмақты Мәскеуде орналасқан деп ойлайды және бәріміз сол жұмаққа жетуіміз қажет деп қате түсінеді”, - деп айтқан еді. Бірақ ол осы қарсылығына қарамастан Мәскеуге жіберілді.   Оның орнына “37-нің ойранын” ұйымдастырушы - Ежов отырды.
 
Алаш қайраткерлері жаңа астанада қоғамдық-саяси һәм мәдени орта қалыптастыруға барын салды. Кейінірек ақын Сырбай Мәуленовтің Алаштың Ақмешіті жайлы “Сәкен бәтеңкесінің ізі қалған” деп жазатыны да осы кезең оқиғалары еді. Жалғыз Сәкен емес, Бейімбет, Ілияс, Сәбит секілді қаламгерлердің ұлт әдебиетінің қорын байытқан жауһар шығармаларының негізі осы Сыр бойында қаланды. Баc-аяғы 4 жыл ішінде жаңа ордада үлкен рухани орта қалыптасты. 1926 жылы Қызылордада Мұхтар Әуезовтің “Еңлік-Кебек” пьесасы тұңғыш рет сахналанды. Қазаққа театр өнерін тұңғыш танытқан Әміре, Құрманбек, Серкелер  уақыт өте келе ұлт руханиятының қабырғалы қайраткерлеріне айналды. Ұлттық сананы қалыптастыруда 4 ғасырға бергісіз 4 жыл қисық көшелі шағын шаһарға үлкен өзгеріс әкелді.

Несібесі кем ұлтпыз деп айта алмаспыз, бірақ қолда бардың қадірін кеш түсінетін ел екеніміз анық. Соңғы 10-15 жыл ішінде есігінде осы ұлылар алақанының табы қалған талай тарихи ғимарат қиратылды. Сол заманнан сыр шертер соңғы жәдігерлердің бірі қазақ жырының Құлагері – Ілияс Жансүгіров тұрған үйді базар саудагерлерінің қоймасына айналдырып қор қылдық. Үкімет үйі болған тарихи ғимарат аяқ асты бұзылып, талапайға түсті.  Барымызы бағалай алмаған өзімізден басқа кімге өкпелейміз?

Ақмешіт астана болып тұрғандағы Совнарком үйі  2000-жылдардың басында бұзылды. Білетіндер бұл ғимараттарды 6 ай жауын жауса да сыз тартпайтын кірпішіне бола бұзды деседі. Есі бар ел тұлғасының табан ізін де сақтайды. Ал біз... Айтары жоқ, обал енді...

Осы жылдары қала халқының саны 22 мыңға жетіпті. Бірақ талай жанды оққа байлап,обалын арқалаған Қужақ – Голошекин енді ел астанасын қазағы басым Қызылордадан орысы көп Алматыға көшіруді қолға алады. Бейқам елге бүйідей тиген ол үшін Орталық Азия мен Қазақстан арасындағы саяси-экономикалық, тарихи ара-жіктің ажырауы да іздегенге – сұраған болып шыға келді.  Осылайша 1927-жылдың 29-сәуірінде Бүкілодақтық Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақстан астанасын Қызылордадан Алматыға көшіру туралы Жалпықазақстандық VI съезінің шешімін бекітіп береді. Съезд шешімі 1929 жылдың мамыр айында ресми түрде іске асырылып, Алматы астана мәртебесін иеленді.

Қазақтың құт мекені Қызылорда Қазалы уезi және Сырдария губерниясына қарасты Қарсақпай  ауданының басын қосқан округ орталығы болып қала берді.


Мұрат АҚЫНҰЛЫ,
Қызылорда облысы
Abai.kz
30 сәуір 2023 ж. 218 0