Ашамай ердің арғы тарихы
Әлемде алғашқы болып қолға үйретілген жануарлар санатында жабайы жылқылар болған. Халық жабайы жылқыны тізгіндеп, оны мініс көлігі ретінде қолданған және еті мен сүтін азық еткен. Бабаларымыз жаугершілік заманда дұшпанын қуса жететін, қашса құтқаратын небір сәйгүліктерді баптай отырып, өзіне сенімді серік ете білген.
Сол қилы заманнан бері жылқы мінезінің сырына қаныға, оның адамзат баласының мінезімен ұқсастығын сезіне, оларға қажетті ат-әбзелдерін ойлап тауып, болашақ ұрпағының тәрбие көзіне айналдыра білуі – бабаларымыздың көрегенділігі мен асыл қасиеттерінің бірі. Мұндай ізгі іс бүгінде атадан балаға мирас болып, әлі жалғасып келеді.
Дәстүр сабақтастығының бірі – ашамай ер әрі оған баланы отырғызу рәсімі. Баласының жасы үш-төрт жасқа келгенде ата-анасы баланы сүндетке отырғызып, ағайын-туыстарын жиып, үлкен той жасайды. Осы тойда баланы ашамай еріне отырғызу рәсімі жасалатын болған. Бұл – атадан келе жатқан дәстүрдің бірі әрі бірегейі.
Ашамай «Х» әрпі секілді болып келеді. Алдыңғы, артқы қастармен бірге екі қаптал ағашы және ашамай үстінде отырған баланың ат үстінен ауып кетпес үшін қастардың шеңберлене орындалған жоғары бастары белгілі өлшемде ойылады. Оған ашамай үстінде отырған баланың қолтығының астынан өтетін екі таяқша түседі. Осындай ашамайда отырған балаға ешкімнің көмегі қажет болмай еркін отыруына толық мүмкіндік жасалады. Мұның өзі ұлттық өнердің бір шыңы деуге болады. Мұндай ерлер балаларға арналып арнайы қатты қайың ағашынан, сегіз бөліктен құралып орындалады. Өзге ерлер секілді сыртын көн не иленген терімен қаптамай, таза ағаш күйі сақталып, алдыңғы қастың сыртқы бетін шеберлер ұлттық оюмен безендіреді. Сондай-ақ ер үстіндегі балаға жұрт назары түспесін деп ою ортасына асыл тастан көз орнатады.
Балаға деп аталған бас бүлдірілген тайға тоқымдарымен ашамай ерін, тартпа-айылдарымен мықтап бекітіп, үстіне тепкішек салынады. Тепкішекті «аяқ қап» деп те атайды. Оны киізден арнайы шебер жасайды. Сырт көрінісі қоржын үлгісінде болса, қоржынның екі жақ сыртқы беті шұға секілді маталармен қапталып, кестелене ою-өрнектермен безендіріледі.
Тайға мінген бала аяғы осы қоржынға салынып, қоржын түбіне аяғын тіреп, ат үстінде нық отырады. Осы той күні баланы ашамайға отырғызу рәсімі жасалып, елдің батагөй қариясы былай бата тілегін береді.
Бәсіре тайың пыраққа айналсын,
Мінген ашамайың таққа айналсын,
Айналаң толы қауым болсын,
Лайым жолың болсын!
Тілейік біз ақ тілек,
Атқа жақсы шаба біл,
Жасыңнан малды баға біл,
Оқу-өнер таба біл,
Ел жұртыңа жаға біл,
Әумин, жолың ақ болсын! – деп қария баланы демеп ашамайға мінгізген.
Ол бала ес біле «Пәленше ата маған батасын берген» деп көкірегінде мақтаныш сезімін есіне алып жүрген. Той біте тайға мінген бала ағайын-туыс, жекжат ауылдарын аралағанда оған шашу шашып, ашамайына көрімдік беріледі. Қазақы салт-дәстүр бойынша баланың осылай алғашқы атқа отыру рәсімінен кейін, бала санасында «менің тайым, ашамайым» деген түсінік қалыптасады. Және де көшіп-қону кезінде «өзімнің жеке дүнием» деген көзқараспен оны жайлап реттеуге қалыптасып, алғашқы еңбек тәрбиесі бойына сіңісті болады.
Кейін ата-анасы толық ер-тұрман мен ат әбзелдерін арнайы шеберлерге тапсырыс беріп орындатып беретін болса, бала санасында астындағы атын баптап, қажетті терлік-тоқым, үзеңгі, айыл, ер-тоқым, жүген, ауыздық, шідер, құрық сияқты дүниелердің түсін түстеп, пайдалану жолдары мәңгі сақталады. Әрі қарай баласына «Шырағым, міне, сен ат жалын тартып мінетін кезеңге келдің, ер азамат болып, ер жеттің, сен енді ойын баласы емессің, алдыңда ат құлағында ойнайтын көкелерің секілді алғыр, қайсар әрі шабандоз азамат болу дәрежесі тұр» деп намысын жанып, жігерлендіріп отырған.
Жаугершілік заманда немесе әлдеқандай тосын жағдайларға байланысты күндіз-түн демей ауыл адамдары бір сәтте көшіп-қонатын. Балалар да өз иелігіндегі ашамай мен тайына иелік етуге бейімделіп жинақылыққа, сақтыққа ерте қалыптасатын болған. Осылай бала тәрбиесі табиғат ананың тылсым күші мен құпиясын танып-біліп өсуімен қатар, астына мінген атының жай-күйін сезіп-білуге икемделеді. Бала атының жем-шөбі мен су ішуіне мән беріп, бәйгеге шапқанда астындағы тайының шама-шарқын, бабының қай деңгейде екенін сезіп, ат жүрісін күшейту керек уақытын пайымдап біліп отырған. Баланың ер жетіп әрі қарай үлкен бәйге жарысына қатысып, көкпар тартысып, қыз қуу секілді додаларға қатысуына осы атқа мінгізу салтының берер тәлімі мол болған. Бала бойындағы шалқар-шабыты оянып әрі тақымы мықтылана түскен. Сондай-ақ бойындағы күш-қуаты артып, өр мінезді қайсар, жауынгерлік рухта тәрбиеленуге, азамат болып қалыптасуына осы атқа отыру бірден-бір септігін тигізген. Сонымен бірге ой-өрісінің көкжиегін кеңейтіп, дамытуға ықпалы зор болған. Осылай өскен ұрпақ шымыр, кең иықты, қайратты, тақымы мықты, мінезі мәрт, алған бетінен қайтпайтын өр мінезді болады.
Ат үстінде үздіксіз әрі үнемі қозғалыста болуына байланысты адам бойындағы қан айналысы жақсы болған. Нәтижесінде, қан қысымы деген сырқат бүгінгідей көп кездеспеген. Кез келген қазақ баласы үнемі атқа мініп, жылқышылармен бірге қысы-жазы жылқы баққан. Ал қыз балалар ше? Ашамайға қыз бала да отырғызылған, бірақ ол кезде ер бала секілді ашамайға отырғызу рәсімі орындалмайды. Қыз баланы ет жақын ағалары отырғызып, атқа мінгізуді игерткен. Қыз балалар да той-жиында қыз қууға қатысқан. Қазақтың небір шабандоз қыздары болғаны сөзімізге дәлел. Тіпті, кешегі жаугершілік кезеңдерде әке-ағаларымен бірге жылқы қайырып, елін қорғаған небір қазақтың батыр қыздарын тарихтан білеміз.
Ал бүгінде ғылым мен техниканың адам айтса нанғысыз қарыштап даму кезеңінде атадан келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздың бірі ас мәзірі де өзгеріп отыр. Химиялық қоспаға толы аспен қоректенген ұрпағымыз сонау бабалардан бастау алған салтымыз бен дәстүріміздің бірі – ашамайға міну былай тұрсын, атқа міне бермейді. Атқа міну, киіз үйде тұру секілді ұлттық құндылығымыз заман көшіне ілесе алмай қалып бара жатқаны бойда үрей мен қорқыныш туғызады. Кешегі атқа мініп «Мен – қазақпын» деген ұрпақ ер мінезді, майда-шүйдеге мән беріп, көңіл бөлмейтін, кесімді кесек сөзді болған. Бүгінде жастар бойынан бұл қасиетті көру қиындап барады. Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Алайда сол құндылықтарымызды жаңғыртпаудың салдары өскелең ұрпақтың қиындыққа шыдамай, адасып кететіні көңілді күпті етеді. Сондықтан біз жас ұрпақ бойына ұлттық тәрбиенің дұрыс сіңіре білуіміз керек.
Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы,
ҚР Мәдениет
саласының үздігі
өлкетанушы,
ҚР Мәдениет
саласының үздігі